COVID-19: әлемде 32 млн аса адамда вирус анықталды

COVID-19: әлемде 32 млн аса адамда вирус анықталды

Коронавирус бәсеңдейтін емес. COVID-19 инфекциясының екінші толқыны бүгінде бірқатар елде белең алып барады. Мысалы, ВВС арнасының хабарлауынша, Ұлыбритания мәжбүрлі оқшаулау режиміне көшуге дайындық үстінде. Қазірдің өзінде кейбір жергілікті супермаркеттер бір адамға сатылатын тауарлар санына шектеулер енгізді. Шектеулер бұрынғыдай дәретхана қағазы, антисептиктер, жұмыртқа және макарон өнімдеріне енгізіліп отыр. Айта кетейік, қоймаларда тауар қоры жеткілікті болғанымен, бұл тек сақтық шарасы ретінде қолданылуда. Себебі соңғы тәулікте елде 6634 адамда вирус расталған.

Францияда да инфекцияға шалдыққандар саны күн сайын өсіп келеді. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлап отыр. Қазірдің өзінде бесінші мемлекеттің билік өкілдері қосымша шаралар енгізу қажет екендігін алға тартып отыр.

«Бұл төтенше жағдай. Халық  жағдайдың өте ауыр екенін түсінулері қажет. Олай болмаса, өткен көктемдегідей жағдайға тап болуымыз мүмкін», - деді Франция премьер-министрі Жан Кастекс.

Дегенмен, ЕО сарапшыларының пікірінше, Еуропаның өткен көктемдегідей жағдайға тап болмауына барлық мүмкіндіктері бар.

«Өткен көктемде COVID-19 инфекциясы мен өлім-жітімнің ең жоғарғы деңгейіне оралу қаупі бар. Біз жаңа жалпыұлттық локдаун енгізудің алдында тұрмыз, бірақ ЕО үкіметтері бұған  жол бермей отыр. Бұл біздің өткен көктемдегі жағдайдың қайталанбауына арналған соңғы мүмкіндігіміз болуы мүмкін», - деді Еуропалық Одақтың денсаулық сақтау комиссары Стелла Кириакидис.

Сонымен қатар көптеген елдердің билік өкілдері халық індеттің қаншалықты адам өміріне зиян келтіретінін түсінулері тиіс екендігін айтуда. Олай болмаған жағдайда локдаун режимі енгізілетін болады.

Қытай мемлекетінде бастау алып, әлемнің түкпір-түкпіріне таралып жатқан коронавирусты жұқтырған адамдардың саны дүниежүзінде 32 млн асты. 22 млн науқас індетті толығымен жеңе алды. 978 мыңға жуық адам вирус құрбаны атанды. Өлім-жітім және ауру жұқтыру фактісі бойынша АҚШ әлі де көшбастап тұр. Мұнда 7 млн-ға жуық дерек расталды. Екінші орында – Үндістан. COVID-19 инфекциясы  5 818 570 үндістандық азаматтан анықталған. Ал үштікті тұйықтап тұрған Бразилияда   4 млн 600 мыңнан астам вирус жұқтыру жағдайы расталған. Одан кейін Ресей, Колумбия, Перу, Мексика, Испания, Аргентина және Оңтүстік Африка келеді.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: inform.kz