Нұр-Сұлтанда 1500 медицина қызметкерінен кадрлық резерв құрылды

Нұр-Сұлтанда 1500 медицина қызметкерінен кадрлық резерв құрылды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу бойынша шаралар қабылдауда. Шара негізінде жеке медициналық мекемелердің, республикалық емханалардың медицина қызметкерлері, Медицина университетінің студенттері, оқытушылар құрамынан кадрлық резерв құрылды. Бұл туралы елордадағы медицина ұйымдарының басшыларымен кездесуі барысында Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов  айтты.

«Бүгінде резервте 1500 маман бар. КВИ-мен ауыратын науқастарды емдеу бойынша саланың кадрлық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. КВИ-мен ауыратын науқастарға көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша медициналық ұйымдарды бақылау жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Жедел желі құрылып, КВИ сұрақтары бойынша 24/7 көмек көрсетеді. Халыққа КВИ инфекциясының алдын-алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, сондай-ақ медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету тұрақты негізде жүргізілуде», - деп толықтырды басқарма басшысы.

Тимур Мұратовтың айтуынша, елорда ауруханалары жасанды тыныс алу аппараттарымен 98% қамтамасыз етілген. Осылайша, ауруханалардың қызметтері үшін Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған шекті индикатор 370 құрылғы болса, бүгінде 434 құрылғы бар. Сонымен қатар оттегі терапиясымен қамтамасыз ету 45,6% құрайды, мақсатты индикатор 35%. Сондай-ақ, республикалық клиникалардың, жеке медициналық ұйымдардың және басқа ұйымдардың 19 КТ, 27 рентген аппараты, 583 оттегі концентраторы және шамамен 1584 оттегі нүктесі бар.

Сондай-ақ, шара барысында коронавирус инфекциясының қайта өршуіне дайындық тұрғысынан медициналық санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының мониторингінің нәтижелері қаралды.

«Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қызметкерлерінен құралған мониторинг тобы үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап денсаулық сақтау мекемелерін аралауды бастады. Бүгінгі күні барлық 35 бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) ұйымдары, оның ішінде 16 мемлекеттік және 19 жеке меншік ұйым тексерілді», - деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

 

Фото: inform.kz