Әлемде коронавирус індетін жұқтырғандар саны 30 млн асты

Әлемде коронавирус індетін жұқтырғандар саны 30 млн асты

Еуропа елдерінде коронавирус инфекциясы өрши түсуі мүмкін. Бұл туралы  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мүмкін екенін ескертеді.

ДДҰ Еуропалық бюросының директоры Ханс Клюггенің айтуынша, қазіргі таңда Еуропалық Одақта коронавирус жұқтыру саны көктемде эпидемия шыңында байқалған көрсеткіштерден асып түскен.

«Қазір апта сайынғы науқастардың саны наурыз айында пандемия Еуропада алғаш рет шарықтау шегіне жеткен кездегі саннан асып жатыр. Еуропа елдерінің жартысынан көбінде соңғы екі аптада коронавирус өршіп жатыр», - деді Клюгге.

Сонымен қатар Клюгге вирус жұқтырғандардың арасында 25 жастан 41 жасқа дейінгі азаматтарда көп анықталып жатқанын айтады.

Сондай-ақ, Ұлыбритания, Франция және Испанияда билік коронавирус инфекциясының екінші толқыны басталғанын мәлімдеген болатын. Бұл елдерде науқастардың рекордтық көрсеткіші тіркеліп жатыр.

Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, әлемнің 188 елінде 30 929 163 адамнан инфекция анықталды. Вирус құрбандарының саны 959 528 жетті. Сауығып шыққандар саны - 21 255 717.

Дүниежүзін дүрбелеңге салған індетті жұқтыру және өлім-жітім саны бойынша АҚШ әлі де көшбастап тұр. Құрама Штаттарда инфекцияға шалдығу бойынша  6 799 266 дерек анықталып, 199  474 науқас вирусты жеңе алмады. Екінші орында – Үндістан. COVID-19 инфекциясы  5 400 619 үндістандық азаматтан анықталған. Ал үштікті тұйықтап тұрған Бразилияда   4 544 629 вирус жұқтыру жағдайы расталған. Одан кейін Ресей, Колумбия, Перу, Мексика, ОАР, Испания, Аргентина, Франция, Чили және Иран елдері келеді.

Еуропада карантинге байланысты наразылық акциялары өтуде

Еуропа елдерінде індетті жұқтыру санының көбеюіне байланысты қайта карантин шаралары енгізілуде. Дегенмен наразылық білдірушілер де көп.

Мадридте тұрғындар үкіметтің шектулерді қайта енгізуіне қарсы наразылық шеруіне шықты. Себебі бүгіннен бастап Испания астанасының бірқатар аудандарында қатаң карантин шаралары күшіне енеді. Шектеу енгізілген аудандардың тұрғындары үйлерінен тек жұмысқа, мектепке немесе дәрігерге қаралу үшін ғана шыға алады. Саябақтар жабылып, дүкендер кешкі сағат 10-нан кейін жұмыс істемейді. 6 адамнан артық жиналуға тыйым салынған. Ал билік Мадрид қаласы аймағында індеттің таралуы өзге өңірлерге қарағанда 2 есе көп дейді.

Ал, Ұлыбританияда карантин режимін бұзғандар 10 мың фунт айыппұл төлейтін болды. Алдымен ережеге бағынбағандарға ескерту жасалып, бір мың фунт айыппұл салынады. Ал заңды екінші рет бұзғандарға айып еселене түседі. Ұлыбритания дәрігерлерінің айуынша, қазір аймақ халқының тек 20 проценті ғана оқшауланған немесе карантинде. Қалғандары бұл талапқа бағынбайды. Енді алдағы уақытта елдің толық карантинге жабылмауы үшін жергілікті билік ірі көлемде айыппұл салу мәселесін қарастыруда. Алайда бұл жаңалық жергілікті халықтың наразылығын тудырды. Осыған орай таяуда Лондон тұрғындары ереуіл ұйымдастырды. Жиналғандардың айтуынша, шектеу шаралары азаматтардың құқығын бұзып отыр. Наразылық акциясы тәртіп сақшыларымен қақтығысқа ұласты. Салдарынан 30-дан астам адам қамауға алынды.

Ал, Израиль жұрты Беньямин Нетаньяху коронавирус індетіне қарсы дер кезінде тиісті шара қолданбады деп айыптап отыр.

Ашуға бой алдырғандар премьер-министр резиденциясының алдында жиналып, саясаткердің отставкаға кетуін талап етті.  Естеріңізге сала кетейік, аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты ұйымдастырылған наразылық акция бірнеше апта бұрын басталған еді. Енгізілген жаңа ережеге сәйкес тұрғындар өз үйлерінен 1 мың метр жерден артық алыстамауы тиіс. Жалпы бүгінде қауіпті індеттің ілмегіне іліккендердің қатары 187 мыңнан көп. 1мың 200-ден астамы дерттен айыға алмай көз жұмды.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: bbc.com