QazCovid-in вакцинасының клиникалық сынағы басталды

QazCovid-in вакцинасының клиникалық сынағы басталды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі QazCovid-in қазақстандық вакцинасын клиникалық зерттеудің I/II фазасын жүргізуге рұқсат берді.

Вакцинаны клиникалық сынау 18-50 жас аралығындағы дені сау еріктілер арасында жүргізіледі. Препараттың қауіпсіздігін анықтауға бағытталған зерттеудің I фазасына коронавирус инфекциясымен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысады. Иммуногенділікті зерттеуге бағытталған екінші фазада 200 еріктінің қатысуы жоспарланған.

Клиникалық зерттеулер Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы мен Клиникалық медицина және зерттеулер орталығында жүргізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың жұмысын өзінің ресми сайтында тіркеп, оны клиникаға дейінгі зерттеуге рұқсат етілген Covid-19 қарсы вакцинаға кандидаттардың тізіміне қосқан болатын. Препарат Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленген. Ол Қазақстандағы науқастардан бөлінген вирус штаммы негізінде жасалған.

 

Фото: informburo.kz