ДДСҰ: әлемде коронавирус жұқтыру бойынша антирекорд тіркелді

ДДСҰ: әлемде коронавирус жұқтыру бойынша антирекорд тіркелді

Әлемде соңғы 24 сағат ішінде коронавирусты 308 мыңға жуық адам жұқтырып, антирекорд тіркелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл – індет алғаш таралғаннан бергі бір күндік ең жоғарғы көрсеткіш. Соңғы рет антирекорд бір апта бұрын орнаған еді. Ол кезде бір күнде вирус 306 мыңнан астам адамнан анықталған.

COVID-19 вирусын жұқтырудың рекордтық көрсеткіші тікелген елдердің бірі – Франция. Сенбі күні мұнда бір тәулікте 10561 адамнан вирус анықталған. Бұл бір күн бұрынғы көрсеткіштен 1000 адамға көп. Сондай-ақ, COVID-19 диагнозымен ауруханаға, жансақтау бөліміне түскен науқастар да көбейген. Маусым айынан бері Францияда ауру жұқтыру деңгейі барлық жастағы адамдар арасында өсті, бірақ билік бұл өсім әсіресе жастар арасында көп екенін айтып отыр.

Коронавирусты тізгіндей алмай отырған тағы бір еуропалық мемлекет – Чехияда үш күнде 1541 адам вирус жұқтырып, рекордтық көрсеткіш тіркелген. Көршілес елдер Чехиядан кіруге шектеулер енгізе бастады.

Ал АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны 6,5 миллионнан асты. Елде күн сайын COVID-19 диагнозымен 40 мыңнан астам адам тіркелуде. Дерттен тәулігіне 1 мыңға жуық адам көз жұмып, кеселден қайтыс болғандардың жалпы саны 194 079 мыңға жетті. Осыған қарамастан, бүгіннен бастап АҚШ әуежайларында коронавирус көп тараған елдерден келген жолаушыларды инфекцияға қарсы тексеру тоқтатылады. Себебі, мұндай тексеріс өте қымбат, ал тиімділігі төмен болып шықты. Оның орнына індет туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарға ден қойылмақ.

Ал, Израильде індеттің күшеюіне байланысты жалпыұлттық карантин енгізілетін болды. Алдағы жұмада басталып, 3 аптаға созылатын тәртіпке сай азаматтардың жүріп-тұруы шектеліп, оқу орындары мен сауда орталықтары уақытша жабылады. Мейрамханалар мен дәмханалардың жұмысы тоқтатылады. Азаматтардың үйлерінен тек жұмысқа бару үшін ғана шығуына рұқсат етілмек. Соңғы уақытта елде вирус күн сайын 4 мыңнан астам адамнан анықталуда. Жалпы, бұл Израильде дертке шалдыққандар саны 156 600-ге жуықтаған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне қарағанда дүниежүзінде COVID-19 дертіне шалдыққандар саны 29 006 033 жеткен. 923 мыңнан астам науқас қайтыс болды.

 

Фото: russian.rt.com