Күз уақытында иммундық жүйені жақсарту: дұрыс тамақтану бойынша мамандар кеңесі

Күз уақытында иммундық жүйені жақсарту: дұрыс тамақтану бойынша мамандар кеңесі

Маусымаралық тұмау мен қауіпті жұқпалы індеттерден қорғану. Әсіресе COVID-19 инфекциясы өршіген кезде қазақстандықтарды осы мәселе қатты алаңдататын болды. Бұл орайда мамандар бірінші кезекте иммундық жүйені жақсартуға ден қою керек деген кеңес береді. Ол үшін таза ауада серуендеп, қимыл белсенділігін талап ететін жаттығулар жасаған жөн. Бұған қоса дұрыс тамақтануды да естен шығармау керек.

«Күзде тарайтын аурулардан қорғануда иммундық жүйенің маңызы зор. Жеміс жидектерді көбірек асқа пайдалануды дағдыға айналдыру керек. Күз уақытында олар ағзаға пайдалы дәрумендерге толы болады. Түрлі емдік қасиеті мол шөптердің қайнатпасын ішуге әдеттенген жөн. Қант пен тәтті тағамдардан бас тарту керек. Оның орнын бал өнімдерімен алмастыруға болады. Иммунитеттің басты жауы – күйзеліс. Сондықтан жан тыныштандыратын дәрумендер ішіп, қобалжымауға тырысу керек. Таза ауада серуендеп, дене жаттығуларын жасағанның пайдасы мол болады. Сондай-ақ уақытында жатып, ұйқы қандыруда денсаулықтың кепілі», - дейді қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары

Қазақстандық этнограф Әйгерім Мұсағажинованың пікірінше, иммундық жүйені жақсартудың бір ден бір жолы – қазақтың ұлттық тағамдарын пайдалану.

«Әсіресе коронавирус инфекциясы тараған кезде қазақстандықтар саумал, қымыз бен құйрық май сынды мал өнімдерін күнделікті асқа жиі қолданатын болды. Тарихтан белгілі көшпенділер өркениеті бағзы заманнан бері дәл осындай ұлттық тағамдар арқылы өздерінің иммундық жүйесін көтеріп,  денсаулығын жақсартып отырған. Осылайша суық тию, тұмау сынды инфекциялық аурулардан қорғанған. Ұзақ уақыт бойы маңызын жоймаған бұл дәстүр бүгінде денсаулыққа пайдасы мол  екенін көрсетіп отыр», - дейді ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының бөлім жетекшісі Әйгерім Мұсағажинова.

Сондай-ақ, мамандар медициналық бетперде кию, әлуеметтік қашықтықты сақтау, халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарға бармау сынды қарапайым сақтық шараларын елеп жүрудің өзі денсаулықты қорғауда мағызы айрықша екенін айтады.

Автор: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: goodfon.ru


×