627 қазақстандық коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны өздеріне салдыруға ниет білдірді

627 қазақстандық коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны өздеріне салдыруға ниет білдірді

627 адам коронавирус инфекциясына қарсы биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жасап шығарған вакцинаның клиникалық сынақтарына қатысуға өтінім берді. Екпе салдыруға ниет танытқан алғашқы еріктілердің қатарында институттың бас директоры Күнсұлу Зәкәрия бастаған 7 вакцина өндірушісі бар.  Оның айтуыша, құжаттарды қабылдау осы жылдың 10 қыркүйегінде аяқталады.

«Бірінші кезеңде біз 44 адамды, екіншісінде 200 адамды іріктеуді жоспарлап отырмыз. Біз вакцина туралы жоғары хабардарлыққа, қазақстандықтардың жағымды мотивациясы мен патриотизміне қуаныштымыз. Мұндай сенім іс жүзіндегі қолдау ғана емес, сонымен қатар біз сияқты өндіруші үшін және бүкіл қазақстандық ғылымға үлкен моральдық қолдау болатыны анық. 627 адамның әрқайсысы, тіпті олар еріктілер қатарына кірмесе де, біз үшін батыр деуге болады. Біз оларға барлық қазақстандықтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға қосқан жеке үлесі үшін өте ризамыз», - деді Күнсұлу Зәкәрия.

Еске салайық, биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты жасап шығарған қазақстандық екпені сынау жұмыстары ұлттық физиопульмонологиялық ғылыми орталығында жүргізілетін болады. Оған денсаулығы мықты, барлық талаптарға жауап беретін 18 бен 50 жас аралығындағы қазақстандықтар қатыса алады. Қазақстан вакцинасын ДДСҰ 31 шілдеде ресми түрде клиникалық сынаққа жіберген болатын. Бұл тізімге қазақстандық вакцинаны қосқанда 19 елдің 33 препараты енген.

 

Фото: inform.kz