Әлемде бір тәулікте COVID-19 инфекциясына шалдығу дерегі бойынша рекорд орнады

Әлемде бір тәулікте COVID-19 инфекциясына шалдығу дерегі бойынша рекорд орнады

Әлемде бір тәулікте 304 мың 626 адам COVID-19 инфекциясына шалдықты. Бұл Джонс Хопкинс Университетінің мәліметінше, абсолютты рекорд.

Алдыңғы рекорд 14 тамызда бір тәулікте 304 351 адамға коронавирус диагнозы қойылған кезде орнатылған болатын.

Бүгінгі таңда Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне сәйкес әлемнің 188 елінде 27 105 151 адамнан инфекция анықталды. Індет 883 мыңнан астам науқастың өмірін жалмады. Сауығып шыққандар саны 18 млн 142 мыңнан астам.

Ауруды жұқтыру және одан болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша АҚШ әлі де көшбастап тұр. Құрама Штаттарда инфекцияға шалдығу бойынша 6,2 млн жағдай тікелді. Екінші орында – Үндістан. COVID-19 инфекциясы  4 204 613 үндістандық азаматтан анықталған. Ал үштікті тұйықтап тұрған Бразилияда   4 137 521 вирус жұқтыру жағдайы расталған. Одан кейін Ресей, Перу, Колумбия, ОАР, Мексика, Испания, Аргентина және Чили елдері келеді.

Соңғы уақыттары бір тәулікте коронавирус жұқтырғандардың саны күрт ұлғая бастауына байланысты Еуропа елдері шекараларын қайта жаба бастады. Бұл туралы Euronews хабарлайды.

Бұған дейін Еуроодақ елдері наурызда туристер үшін, соның ішінде, ЕО елдеріндегі азаматтар үшін де шекараны жапқан болатын.

Венгрияда сейсенбіден бастап барлық шетелдік азаматқа кіруге тыйым салынды. Данияда сәуірден бері шетелдік туристердің келуіне шек қойылған. Финляндия елге кіретін адамдарға бақылау жүргізуді қайтадан қолға алды, оның ішінде, Испания мен Франция да бар. 

«Шекараны жабу вируспен күресудегі тиімді жолдардың бірі болуы мүмкін. Бірақ бұған ел арасында еркін жүріп-тұратын одақ елдері алаңдаулы. Ұлттық үкіметтер өздерінің ұлттық мүдделері үшін қайтадан әрекет ете бастады», - деп хабарлайды Euronews.

Ал Ұлыбританияда 24 сағат ішінде  3 мыңға жуық адам вирус жұқтырған. Бұл – мамыр айынан бері ең үлкен көрсеткіш. Эпидахуалдың өзгеруіне байланысты жергілікті билік алаңдаушылық білдіріп отыр. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, соңғы кездері вирус анықталған науқастардың басым бөлігі жастар. Мамандар тұрғындарға аурудың алдын алу үшін әлеуметтік арақашықтықтың маңыздылығын тағы ескертіп жатыр. Айта кетейік, Ұлыбританияда ковид-19-ға шалдыққандардың жалпы саны 349 мың 500-ге жетті. 41 мың 640 науқас індет құрбаны атанды.

«Еуропаның өзге де елдерінде коронавирус жұқтырғандар саны артып барады. Қазір қауіпті дертпен көбінесе жастар ауырып жатыр. Олар сырттан жұқтырып, үйге әкеледі. Біз көптеген кәсіпорындар мен мектептерді қайта аштық. Оның да әсері бар шығар. Әрине барлық санитарлық талаптар сақталады. Ең бастысы, әлеуметтік арақашықтықты естен шығармауымыз тиіс. Тұрғындар мейілінше мән берсе дейміз. Бұл енді вирустан сақтанудың бірден бір ұтымды жолы»,-дейді Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок.

Үндістан әлем бойынша коронавирустың эпидорталығына айналды

Үндістан әлем бойынша коронавирустың эпидорталығына айналып барады. Аймақта тәулігіне тіркелген науқастардың саны 90 мыңнан асып, антирекорд орнады. Мамандар вирустың ірі шаһарларда ғана емес, шалғай елді мекендерде де тез тарап жатқанын айтады. Сарапшылар небәрі екі аптаның ішінде 1 млн адам індеттің құрығына іліккенін хабарлайды.

«Науқастар саны бойынша АҚШ бірінші орында. Бізбен салыстырғанда 6 млн адамға көп. Ал бүгінде екінші орында тұрған Бразилияны қуып жетіп, асып түстік. Бұл әрине мақтанатын жағдай емес. Қайта дабыл қағатын кез. Жергілікті билік жете мән бері қатты көңіл бөлуі керек. Үкімет тиісті шара қабылдап жатқан жоқ. Тұрғындар да дәрігерлердің кеңесін орындамай жатыр. Енді ертеңгі тағдырымызға алаңдаулымыз»,- дейді дәрігер Сандип Наяр.

 

Фото: iz.ru