Қазақстанда жасанды ұрықтандыру квотасы 7 есеге артты

Қазақстанда жасанды ұрықтандыру квотасы 7 есеге артты

Қазақстандағы жеті мың ерлі-зайыпты келесі жылдан бастап экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасының квотасын пайдалана алады. Мұндай мүмкіндік мемлекет «Аңсаған Сәби» арнайы бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолжетімді болып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

Статистика сүйенсек, ажырасқан отбасылардың 20%-і бала болмағандықтан екі жаққа кетеді екен. Дәрігерлердің айтуынша, «Аңсаған сәби» бағдарламасы нәресте сүюді армандаған көптеген отбасының үмітін оятқаны анық. Ең бастысы - бұл мүмкіндікті жіберіп алмау.

«Әйелдер квотаға кезекке тұрады да, оны 3-4 жыл күтеді. Бұл уақытта бәрі кеш болуы мүмкін. Мәселен, 28 жаста тұрса, кезегі келгенде жасы 32-де болады. Өкінішке орай, уақыт өткен сайын әйелдің бала көтеру мүмкіндігі де азаяды. 2021 жылдан бастап квота санын 7 мыңға жеткізу туралы шешім біз үшін күтпеген жағдай болды. Осы екі күнде бізге хабарласқан, үмітін жеткізген әйелдерде есеп жоқ»,-  дейді Репродуктивті медицина институтының бас директоры Тамара Жүсіпәлиева.

Қазіргі таңда ақылы қызметтің қымбаттығына қарай кез-келген ерлі-зайыптылардың қалтасы көтере бермейді. Ана бақытын сезіну үмітін жоғалтпағандардың қатарында қызылордалық Перизат Мешітбаева да бар. 10 жыл бойы сәби үнін аңсаған оларға ЭКО қызметі қымбат болғандықтан, квотаға кезекке тұрған. Алайда елімізде жыл сайын бұл медициналық қызмет түрін тегін алу үшін мемлекеттен 1000 квота бөлінгендіктен, ұзақ уақыт күтуге тура келген.

«4 жыл бұрын мен квота кезегіне тұрдым. Жаздың басында қоңырау шалынып, квотаны қолдана алатындығымды айтқанда, қуанышымда шек болмады. Қазір мен барлық қажетті процедуралардан өтіп жатырмын. Мен сияқты бірнеше жылдан бері өз кезегін күткен достарым көп», - дейді Перизат Мешітбаева, Қызылорда қаласының тұрғыны.

Бүгін таңда тек бір ғана Алматы қаласында 1380 әйел квота кезегінде тұр. Репродуктивті мамандардың алдын-ала болжамы бойынша, олар келесі жылы тегін қызметті пайдалана алады.

«Егер бұрын квота бойынша көрсеткіштер шектеулі болса, қазір олардың саны артқан сайын, әрине, экстракорпоральды ұрықтандыру белгіленген бедеулігі бар әрбір әйелдің көрсеткіштері кеңейіп келеді. Сізге 4 жыл күтудің қажеті жоқ», - деді Тамара Жүсіпәлиева.

Айта кетейік, отбасылық-демографиялық жағдай «алаңдаушылық туғызатын мәселе», деп атап өтті Президент. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында жасанды ұрықтандыруға квотаны 7 есе арттыруға пәрмен бергені талай отбасының үмітін оятты.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

Фото: total.kz