ДДСҰ: коронавирустың ауыр түрін емдеудің әдісі табылды

ДДСҰ: коронавирустың ауыр түрін емдеудің әдісі табылды

Коронавирусқа қарсы вакцина кем дегенде сынақтың 50 процентінде адам ағзасындағы вируспен жақсы күресіп, оны жоя алса ғана тиімді болып саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде жасалып жатқан екпелердің тиімділігін анықтау бойынша осындай мәлімдеме жасады. Сондықтан бұл межеден төмен екпені тіркеудің қажеті жоқ екен.

Ал ресми мәліметке сәйкес, қазір әлемде 31 вакцина клиникалық сынақтың түрлі сатысына көшкен. Яғни адамдарға сыналу үстінде. Тағы 142 компания осы межеге жақындап қалған.

«Әр мемлекет екпе егу және өзге де емдеу тәсілдерін қолдану бойынша өз саясатын анықтауға құқылы. Алайда олар ең жоғарғы ғылыми талаптарға сай болуы тиіс. Ал төтенше жағдайда қолданылатын кез келген вакцина немесе дәрі-дәрмек жіті тексеруден өткізіліп, қатаң бақылау арқылы жүзеге асырылуы қажет»,-дейді ДДСҰ-ның төтенше жағдайлар жөніндегі атқарушы директоры Майк Райан.

Халықаралық құрылым мемлекеттердің карантиннен кейін қалыпты өмірге көшу кезінде қандай мәселелерге басты назар аудару қажеттігіне де тоқталды. Ұйым өкілдері билік ең алдымен стадион, шіркеу сынды адамдар көп жиналатын орындарда азаматтардың вирусты жаппай жұқтыруының алдын алу керек дейді. Осымен қатар індеттің таралуына тоқтату үшін тестілеуді жалғастырып, адамдардың шектеу шараларын орындауын сұрады.

Сонымен бірге ДДСҰ коронавирус ауыр түрде өтетін науқастарды емдеу үшін кортикостероидтарды қолдануды ұсынады.

«Біз COVID-19-бен ауыр түрде емделіп жатқан пациенттерді емдеу үшін кортикостероидтарды қолдануды ұсынамыз»,- делінген хабарламада.

Сонымен қатар ДДСҰ бұл терапия аурудың қарапайым түріне сәйкес келмейтінін айтты.

COVID-19 желдетілмейтін ортада  ауа арқылы таралады

COVID-19 желдетілмейтін ортада ешқандай ауру белгілері жоқ науқас адамнан ауа арқылы таралады. Бұл  эпидемиологтардың Қытайда автобустардың бірінде жүргізілген жаңа ғылыми зерттеуі барысында расталды.

Ауру белгілері және қорғаныш маскасы жоқ COVID-19 жұқтырған адам бір сағатқа жуық уақытқа созылған сапар кезінде нашар желдетілетін автобустағы жолаушылардың үштен біріне вирус жұқтырды. Ғалымдар коронавирус жұқтыру радиусы бұрын ойлағаннан әлдеқайда үлкен екенін дәлелдеді. COVID-19 автобус салонының алдыңғы және артқы жағындағы жолаушылардан табылды.

Айта кетейік, бұған дейін эпидемиологтар коронавирус жұқтырған адамдар түшкіргенде немесе жөтелгенде тамшылар арқылы жұқтырады деп мәлімдеген еді. Сондықтан дағдарыс басталған кезде ауа арқылы таралуы мүмкін деген болжамды бүкіл әлемнің денсаулық сақтау органдары назардан тыс қалдырды. Алайда көптеген мамандардың респираторлық вирустар мәселесі жөніндегі пікірлері мен қарапайым әңгіме кезінде вирустың ауада болуы-болмауына қатысты зерттеу нәтижелерінен алынған жаңа білімнің арқасында жазда жағдай өзгерді.

Саяхатшыларға ортақ тәртіп

Италия Еуропа елдеріне саяхатшыларды коронавирусқа қатысты тексеру жөнінде ортақ тәртіп енгізуді ұсынып отыр. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Сандра Дзампа  айтуынша, қазіргі таңда Рим өзара келісім жөнінде құжат дайындауда. Қабылданатын ережеге сәйкес саяхатшылар өз елінде де және өзге елге барғанда да тестен өтуі тиіс.

«Шара қауіпсіз саяхатты қалпына келтіруді көздейді», - дейді Дзампа.

Айта кетейік, Италия 3 маусым күні шекарасын ашып, Еуроодақ елдерінің азаматтарының еркін өтуіне рұқсат берген. жалпы елде эпидемия басталғалы инфекцияға шалдыққандар саны 271 515 жетті. 35 500-ге жуық науқас індет құрбаны атанды.

Жалпы, әлемнің 188 елінде 26 млн 033 мыңнан астам адамда коронавирус дагнозы расталған. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет 863 мыңнан астам науқастың өмірін жалмады. Сауығып шыққандар саны 17 млн 300 мыңға жуықтаған. Ауруды жұқтыру және одан болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша АҚШ әлі де көшбастап тұр. Құрама Штаттарда инфекцияға шалдыққандар саны 6 млн 114 мыңнан асты. Екінші орында – Бразилия. COVID-19 инфекциясы 3 997 865 бразилиялық азаматтан анықталған. Ал үштікті тұйықтап тұрған Үндістанда  3 853 406 вирус жұқтыру жағдайы расталған. Одан кейін  Ресей, Перу, Колумбия, ОАР, Мексика, Испания, Аргентина және Чили елдері келеді.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: rg.ru