ДДСҰ: Иммунитетті қалыптастыру үшін әлем халқының 70% вакциналау қажет

ДДСҰ: Иммунитетті қалыптастыру үшін әлем халқының 70% вакциналау қажет

Жаңа коронавирусқа иммунитетті қалыптастыру үшін вакциналаумен қамту әлемнің 65-70% халқын құрауы тиіс. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас ғылыми қызметкері Сумья Сваминатан мәлім етті деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Сонымен қатар өз тарапынан ДДҰ сарапшысы Мария ван Керкхове атап өткендей, ұжымдық иммунитетті табиғи жолмен қалыптастыруға талпыныстар қауіпті болмақ және ол өлім-жітімнің артуына алып келеді. Оның айтуынша, вакциналау халықты қорғаудың ең тиімді тәсілі болып табылады.

«Бүкіл әлемде қауіпсіз және тиімді вакцинаны әзірлеу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде», - деді ДДҰ сарапшысы.

Еуропа мемлекеттерінде оқушылар мектепте білім алатын болады

Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясы Еуропа елдерінде қайтадан өршіп барады. Соған қарамастан жаңа оқу жылында оқушылар білімдерін мектеп парталарында толықтырмақ.

Испанияда ауру жұқтырудың соңғы тәулікте 7300-ге жуық жаңа оқиғасы анықталса да, 1-ші қыркүйекте мектептер есігін ашады.  Мұнда алты жастан асқан оқушылар сабаққа маска тағып барады. Бұл шара бейсенбі күні Мадрид және өңірлік билік арасында келісіліп, елдің барлық автономдық қоғамдастықтарында енгізіліп отыр.

Айта кетейік, Испанияда COVID-19 эпидемиясы басталғалы 429 мың 500-ден аса адамд індет расталған. 29 мыңға жуық науқас вирусты жеңе алмады.

Францияда да оқу жылы уақтылы басталады, бірақ жоғары сынып оқушылары маска тағуға міндетті болады. Бұл режим 11 мен 18 жас аралығындағы оқушыларға қатысты. Елде коронавирустың таралуына қатысты жағдай айтарлықтай нашарлаған. Соңғы тәулікте медициналық қызметтер ауру жұқтырудың 6 мыңнан астам жаңа оқиғасын анықтады. Департаменттердің бестен бір бөлігі COVID-19 таралуының «қызыл аймағына» ауыстырылған. Париж билігі қаланың барлық жерлерінде қорғаныс маскаларын тағуды міндеттеу шешімін қабылдаған.

Елде эпидемия басталғалы вирусты жұқтырғандар саны 298 мыңға жуықтаған. 30 мың 580-нен аса адам инфекция құрбаны атанды.

Германияда соңғы тәулікте 1507 адам ауруды жұқтырған. Жалпы елде пандемия басталғалы 240 571 адамда вирус расталды. Дегенмен мұнда да көптеген мектептері ашылды. Берлинде 820-дан астам мектептің 41-інде ауру жұқтыру оқиғалары анықталған. Бүкіл ел бойынша мыңдаған оқушы отбасылық мерекелердің инфекцияның таралу ошағына айналған соң карантинге жабылды. Федералдық үкімет мен өңірлік билік қорғаныс маскасын тақпаған азаматтарға 50 еуро көлемінде айыппұл салуды енгізу туралы келіскен.

Джонс Хопкинс университетінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 24 миллион 373 мыңнан асқан. 830 мыңнан астам науқас ауруды жеңе алмай, қайтыс болды. 5 миллион 866 мың азаматы коронавирус жұқтырған АҚШ антирейтингті бастап тұр. Одан соң Бразилия, бұл елде 3 761 391  науқас анықталған. Үштікті ауру жұқтыру бойынша 3 310 234 адам көрсеткішпен Үндістан тұйықтап тұр. Одан кейін Ресей, Оңтүстік Африка, Перу, Колумбия, Мексика, Испания, Чили және Аргентина елдері келеді.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: kazinform.kz