Қазақстандық кәсіпорын жергілікті ауруханаларға 1500 ӨЖЖ аппараттарын жеткізеді

Қазақстандық кәсіпорын жергілікті ауруханаларға 1500 ӨЖЖ аппараттарын жеткізеді

Қазақстанның 297 ауруханасына отандық өндірістің өкпені жасанды желдету аппараттары орнатылады. Медициналық құрылғыларды ҚР Үкіметінің тапсырысы бойынша «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» ЖШС жасайды. Кәсіпорында 31 тамызға дейін 750 ӨЖЖ аппаратын, 20 қыркүйекке дейін қосымша 750 ӨЖЖ аппаратын жасап шығару жоспарланған. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың кәсіпорынның жұмысымен танысуы сапары барысында мәлім болды. Аппараттарды ауруханаларға орнату кезінде жергілікті медициналық персоналды оқыту қарастырылған. Кепілді сервистік қызмет көрсету 37 айға дейін. Сонымен қатар, зауыт базасында дене қызуын қашықтан өлшеуге арналған отандық тепловизорларды өндіру мүмкіндігі қарастырылуда.

Сондай-ақ Е. Тоғжанов «Болашақ 2019» ЖШС-де болды, мұнда айына 2 млн-ға дейін маска шығаратын өндірістік қуаты бар медициналық маска өндірісі жолға қойылған. Вице-премьер өндірістік кәсіпорындардың жұмысына оң баға беріп, үкімет отандық өндірушілерді жан-жақты қолдайтынын атап өтті.

Бұған қоса ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құрылысы барысымен және онкология бойынша жобалық кеңсенің жұмысымен танысты. Бұл орталық болашақта азаматтарға қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау және емдеу бойынша жоғары білікті және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Вице-Премьер бұл орталықтың ұлттық деңгейде онкологиялық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін құруда, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, оның ішінде барлық өңірлік онкологиялық орталықтар мен алты жоғары технологиялық радиациялық онкологиялық орталықтарды үйлестіруші болатынын атап өтті.

Авторы: Данагүл Біләлова

 

Фото: azattyq-ruhy.kz