Қазақстанда провизорлық орталықтар жабылуда: сауығып шыққан КВИ пациенттер үйлеріне қайтарылуда

Қазақстанда провизорлық орталықтар жабылуда: сауығып шыққан КВИ пациенттер үйлеріне қайтарылуда

Коронавирустан жазылып шыққан пациенттердің саны күн санап артуда. Осы күнге дейін 94 мыңдай қазақстандық қауіпті инфекциядан арылып, қалыпты өмірге оралды. Сауығып шыққандар қатары Алматыда ең көп – 12 701 адам. Шамамен осыншама елордалық тұрғын ауруды жеңіп шыққан. Ел аймақтарында ашылған «коронавирустық» стационарлар біртіндеп жабылып жатыр.

Алматы облысында 9 емдеу мекемесі провизорлық орталық ретіндегі қызметін тоқтатты. Қазір ауруханалар қалыпты жағдайда науқастарға қызмет көрсетуге кірісті. Егер күзде індеттің екінші толқыны жүріп, сырқаттанғандар саны артатын болса, аталған нысандар қайтадан провизорлық орталық болып жасақталады. Одан бөлек, облыс орталығы Талдықорғанда модульді инфекциялық аурухана салынып жатыр. Қазан айында пайдалануға берілетін мекемеде 200 адамға дейін емделетін болады. Өңірде екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Алдағы уақытта тағы да емдік препараттармен медициналық құрылғылар сатып алынбақ.

«Вирусқа қарсы және дене қызуын төмендететін препараттар сатып алып жатырмыз. Қазіргі таңда 300 ИВЛ апараты бар. 700-ден артық оттегі концентраторы бар. ИВЛ-дың өзін 500-ден асырамыз. Денсаулық сақтау министрлігі 119 апарат алып келеді. 100 аппаратты өзіміз сатып аламыз», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.

Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда 8 стационардың жабылғаны туралы хабарлаған болатын. Ал жұмысы жалғасатын мекемелерде төсек-орын саны қысқартылды. Бұл коронавирус пен пневмония науқастарының азаюымен байланысты.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: baigenews.kz