COVID-19 және балалар: Қазақстандағы ахуал

COVID-19 және балалар: Қазақстандағы ахуал

Коронавирус індеті басталғалы Қазақстанда коронавирус инфекциясымен 2,5 мыңға жуық бала ауырды, оның ішінде 111-і жаңа туған нәресте. Балалардың 80 пайызында COVID-19 симптомсыз әрі жеңіл формада өтеді. Тек 20 пайызы індетті орташа ауыр және ауыр формада өткерген. Мамандардың айтуынша, бұлар негізінен созылмалы басқа да ауруға шалдыққан балалар. Қатерлі індеттен қайтыс болған балалар жоқ. Бұл туралы ОҚК -де өткен брифингте «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрайымы Риза Боранбаева айтты.

«2020 жылдың сәуір, мамыр айларында COVID-19 қатты таралған елдерде коронавирус инфекциясын жұқтырудан кейін COVID-19-бен синдромы ұқсас жаңа ауру таралды. Бұл иммуналогиялық құбылыс және ол КВИ инфекциясының жұғуынан кейін болады. Аталмыш патология постинфекциялық  синдромға жатады. Ол балаларда COVID-19 -бен ауырғаннан кейін 3-5 аптада білінеді және науқастың қанындағы антитела арқылы анықталады», - деп түсіндірді спикер.

Медицина ғылымдарының докторы бұл синдромның жапон дәрігерінің құрметіне аты берілген аурумен клиникалық ұқсастығы болғанымен белгілі айырмашылықтары бар екенін айтты. Ең бастысы- ауруға жасөспірімдер мен 21 жасқа дейінгі буын өкілдері жиі шалдығады. Риза Боранбаеваның айтуынша, қазіргі таңда кавасаки синдромымен 16 бала ауырғаны белгілі. Олардың 8-і жазылып шықса, қалғаны көпсалалы балалар ауруханасында ем алуды жалғастырып жатыр. Маманның айтуынша, науқас дер кезінде дәрігерлерге көрсетіліп, ем-шара да уақтылы жүргізілсе, баланың сауығып кету мү-мкіндігі жоғары.

Авторы: Мәншүк Шымырбай

 

Фото: coronavirus2020.kz