Қазақстанда коронавирус індетімен ауырған дәрігерлерді оңалту акциясы қолға алынды

Қазақстанда коронавирус індетімен ауырған дәрігерлерді оңалту акциясы қолға алынды

«Қазақстан туризмі - Қазақстан дәрігерлері үшін» акциясы аясында коронавирус індетіне шалдыққан дәрігерлерге отандық курорттарда демалыс ұйымдастыру. Бұл бастама өткен жұмада Алматыда туризм саласындағы қоғамдық және мемлекеттік ұйымдар басшыларының кездесуі кезінде айтылды. Нәтижесінде, Еуразиялық туризм қауымдастығы мен Ұлттық курорттық қауымдастық басшылығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осының негізінде тараптар елдегі медициналық және санаторлық туризмді бірлесіп дамытып қана қоймай, сонымен қатар инфекция расталған науқастар мен медицина қызметкерлерін оңалту мәселелерін шешуге ниетті.

Ақ халаттылардың денсаулығын оңалту мәселесі туралы Қазақстан Ұлттық шипажайлар  қауымдастығының вице-президенті Марат Шалов түсіндірді.

«Коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы шепте жүрген көптеген дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің денсаулықтарына зиян келді. Бұл елдегі медициналық кадрлардың жетіспеушілігінен туындаған жағдайды одан әрі ушықтыра түсті. Індеттен айығып шыққан дәрігерлер шипажайларда оңалтудан өтулері қажет деп санаймыз. Біз дәрігерлерімізге, әсіресе қиын уақытта, қамқорлық жасауымыз керек. Бізге арнайы оңалту бағдарламасы қажет, қаржыландырудың бұл проблемасын шешуде бізге мемлекеттің әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры атынан қолдау қажет. Біз оны тезірек ұйымдастыруға тиіспіз », - деді Марат Шалов.

Маманның пікірінше, дәрігерлерді отандық санаторийлерге, мысалы, күз-қыс мезгілінде жіберуге болады. Алдыға уақытта қауымдастық шамамен 145 отандық шипажайларды тексерістен өткізуді жоспарлап отыр.

«Бізде жұмыс істеп жатқан шиапажайлардың емдік бағыты бойынша тізімі жоқ. Бұл дәрігердің науқасты одан әрі оңалтуға жіберуіне қажет. Қазір біз қазақстандық ұлттық компаниямен туризмді бақылау, шипажайларды зерттеу туралы келісім жасадық. Мысалы, климаттық, бальнеологиялық шипажайлар бар, оларды санаттарға бөліп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін зерттеу керек», - деп атап өтті сарапшы.

Айта кетейік, отандық туризм индустриясы COVID-19 вирусымен  күрескен дәрігерлерді қолдай ала ма, жоқ па әлі белгісіз. Алайда, қолға алынған бастаманы іске асыру мүмкіндігі туралы мәселені тиісті ведомстволар қарастыруда.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: almaty.tv