Маман кеңесі: карантиннен кейін коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін қалай азайтуға болады?

Маман кеңесі: карантиннен кейін коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін қалай азайтуға болады?

Мемлекеттік комиссия мен Үкімет карантинді жеңілдету туралы шешім қабылдағанына қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары азаматтардан қауіпсіздік шараларын сақтануды сұрайды. Бұл жағдайды одан әрі тұрақтандырудың кепілі болмақ, дейді олар.

«Мүмкін, қазір көпшілік қатаң карантин жағдайына жеңілдету шаралары енгізілгеннен кейін босаңсуды сезініп, сауда және ойын-сауық орталықтарына, дүкендерге, сұлулық салондарына, қонақ пен мейрамханаларға баруда. Дегенмен елімізде вирус толықтай жойылмай, бұрынғы қалыпты өмір салтына оралуға әлі ерте. Маскалар, санитайзерлер, сондай-ақ, әлеуметтік қашықтықты сақтау күнделікті өмірдегі ажырамас атрибуттарымызға айналуы тиіс», - деп атап өтті ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева.

Халықтың белсенділігіне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі көшедегі қозғалысқа шектеулер, саябақтарға, алаңдар мен жағалауларға бару, қоғамдық көліктерде маска режимін қатаң сақтау талаптарын қойған еді. Өз кезегінде дәрігерлер де эпидемияға қарсы негізгі шараларды бұлжытпай орындау мааңызды міндеттердің бірі екені еске салуда.

«Әлеуметтік қашықтық, 1,5-2 метрден кем емес, қолды жиі жуу. 20 секундан аз болмауы тиіс. Санитайзерлермен тазарту. Адамдар көп жиналатын жерлерде және жабық нысандарда масканы міндетті түрде кию керек. Сондай-ақ иммундық жүйені нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және дәрумендер қабылдау ұсынылады. Бұл аурудың алдын алудың ең тиімді шаралары», - деп атап өтті Жазира Ембердиева.

Сонымен қатар, маманның айтуынша, алдағы күзгі-қысқы эпидемиологиялық маусымда жедел респираторлы вирустық инфекциялар мен тұмау COVID-19 таралуын өршітіп жіберуі мүмкін. Осы мақсатта қазан айында маусымдық тұмауға қарсы егу ұсынылады. Толық ақпаратты жергілікті емханалардан сұрап білуге болады. Ал тұрғын үй мен кеңселерді дезинфекциялауда дәрігерлер дымқыл тазалауды үнемі жүргізіп отыруға кеңес береді, сонымен қатар ауаны жиі желдетіп, ылғалдандыру қажет. Егер бұл шаралар орындалатын болса, аз да болса індеттің алдын алуға мүмкіндік арта түседі.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: gazeta.ru