Қазақстанда маска өндірісінің стандарты бекітіледі

Қазақстанда маска өндірісінің стандарты бекітіледі

Елімізде медициналық маскалар мен басқа да жеке қорғаныш құралдары мемлекет бекіткен арнайы стандарт бойынша өндірілетін болады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында өткен отандық фармацевтика өнеркәсібінің даму мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды. Сондай-ақ, үкімет басшысы саланы одан әрі дамыту мақсатында үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бизнес қауымдастығының пікірін ескерумен фармацевтика саласын дамыту бағдарламасын әзірлеп, оның жобасын биылғы қыркүйек айында ұсынуды тапсырды. 

Кеңесте айтылған мәліметке сай, биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша, отандық фармацевтика кәсіпорындарының өндіріс көлемі 23,2%-ға, 70,2 млрд теңгеге дейін артты. Қазақстанның фармацевтика индустриясының «өсу нүктелері» Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы және Қарағанды облыстарында болып отыр. Бүгінде салада 96 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 33-і дәрі-дәрмек шығарса, 41 зауыт медициналық бұйымдар өндіреді, ал 22-сі медициналық техника құрастырады. Индустрияландыру картасы аясында 5 мың жаңа жұмыс орнын құрумен инвестиция сомасы 62,9 млрд теңге болатын 41 жоба пайдалануға берілді.

«Қазақстанның фармацевтика индустриясының даму әлеуеті зор. Басты міндет – жеткілікті қоры мен номенклатурасын кеңейтуді қамтамасыз ету арқылы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісіне серпін беру. Еліміздің халқы үшін сапалы медициналық өнімдер қолжетімді болуы тиіс», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр сондай-ақ, медициналық маскалар мен басқа да жеке қорғаныш құралдарын өндіру стандарттарын бекітуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне «СҚ-Фармациямен» бірлесіп, медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмектердің болуын жоспарлау тетіктерін қайта қарау, дәрі-дәрмектерді тіркеу талаптарын оңтайландыру, отандық өндірушілер үшін сатып алу көлемін болжау жүйесін енгізу тапсырылды.

 

Фото: iz.ru