Қазақстандық QazCovid-in вакцинасы клиникаға дейінгі зерттеуден өтті

Қазақстандық QazCovid-in вакцинасы клиникаға дейінгі зерттеуден өтті

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Алматы қаласындағы аймақтық филиалының фармакологиялық сынақ зертханасы базасында COVID-19 (QazCovid-in®) қарсы қазақстандық белсенді емес вакцинаны клиникаға дейінгі зерттеу аяқталды.

Орталықтың хабарлауынша, жануарларға вакцинаның күшейтілген дозасын салып, оның қауіпсіздігі мен уытты әсері мұқият тексерілді. Сонымен қатар, осы зерттеу аясында отандық вакцинаның ағзаға аллергиялық реакциясы мен денені тітіркендіргіш әсерінің жоқ екені анықталды. Жалпы зерттеу әдістерінен басқа, вакцинаның қауіпсіздік деңгейі қанның гематологиялық және биохимиялық көрсеткіштерімен расталды. Вакцинаның жануарлардың ішкі мүшелеріне әсері де бағаланды.

Жіті зерттеу нәтижелері клиникаға дейінгі зерттеу COVID-19 қарсы отандық вакцина уытты емес екенін анықтады және оны кейін клиникалық сынақ барысында ерікті-адамдарға қолдануға болатындығын көрсетті, дейді мамандар.

«Жаңа вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігін толық бағалау үшін, қазақстандықтарды вакцинациялау үшін одан әрі кең ауқымды клиникалық зерттеулер қажет. Зерттеудің барлық кезеңі өткізілгеннен кейін ғана вакцинаның қауіпсіздігі туралы айтуға болады», - дейді Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Алматы фармакологиялық сынақ зертханасының меңгерушісі Валентина Шнаукшта.

Барлық сынақтар Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының жануарханасындағы эксперименттік жануарларға жасалды.

Фармакологиялық зерттеулер зертханасы – халықаралық аккредиттеу мәртебесіне ие және Қазақстандағы биоэквивалентті зерттеу жүргізетін жалғыз зертхана.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың жұмысын өзінің ресми сайтында тіркеп, оны клиникаға дейінгі зерттеуге рұқсат етілген Covid-19 қарсы вакцинаға кандидаттардың тізіміне қосқан болатын.

Отандық белсенді емес вакцинаны ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірледі. Ведомствоның мәліметінше, ол Қазақстандағы науқастардан бөлінген вирус штаммы негізінде жасалған.