Қазақстанда медициналық мекемелер жоспарлы көмек көрсете бастады

Қазақстанда медициналық мекемелер жоспарлы көмек көрсете бастады

Қазақстанда COVID-19 вирусының таралуы айтарлықтай төмендеп келеді. Бүгінгі таңда індетке шалдыққандардың шамамен 80% толық емделіп шықты. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді. Оның айтуынша, республикада күн сайын инфекциялық және провизорлық стационарлар жабылуда. Қазірдің өзінде Қазақстанда барлығы сегіз жарым мыңға жуық төсек-орын бар. 1 тамыздан бастап 600-ден аса медициналық ұйым пациенттерді жоспарлы емге қабылдауды қалпына келтірген.

«Коронавирус инфекциясының таралуы төмендеп келеді. Нәтижесінде, еліміздегі медициналық мекемелерде жүктеме азаяды. Инфекциялық және провизорлық стационарлар жабылуда. 2020 жылғы 15 шілдеде инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарлардағы төсек-орындар саны 58 798 еді, оның 57% немесе 33 493 науқас жатқан, ал 17 тамызда 36 938 төсек-орын қалды, олардың тек 23% немесе 8 475-інде ғана науқас бар», - деді Бағдат Қожахметов.

Спикер коронавирус инфекциясы өршіген тұста Қазақстандағы ауруханалар халыққа жоспарлы көмек көрсетуді уақытша тоқтатқанын еске салды. Алайда, эпидахуалдың жақсаруына байланысты 1 тамыздан бастап клиникалардың жұмысы біртіндеп қалпына келуде. Бірінші кезекте республикалық деңгейдегі мамандандырылған клиникалар, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі көп бейінді ауруханалар, COVID-19 күрес шараларына қатыспаған өзге де стационарлар кезең-кезеңмен іске қосылады.

«Қазір терапевтік, кардиология, гастроэнтерология, аллергология, хирургия, неврология, пульмонология, реанимация, акушерлік-гинекология, нейрохирургия, травматологиялық бейіндер, торакалдық хирургия, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерін көрсететін 626 медициналық ұйым жұмысын қайта бастады. Жоспарлы медициналық көмек қызметтерін жеткізушілердің толық тізімімен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтында танысуға болады. Тізім үнемі жаңартылып отырады», -деді ведомствоның ресми өкілі.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: aipm.kz