ДДСҰ: Тиімді және әмбебап вакцина дайын болған кезде сұраныс ұсыныстан асып түседі

ДДСҰ: Тиімді және әмбебап вакцина дайын болған кезде сұраныс ұсыныстан асып түседі

Әлемнің ғылыми қауымдастығы коронавирус инфекциясын тоқтату жолдарын іздестіруде. Бүгінгі таңда онға жуық вакцина сынақтан өтіп жатыр. Сонымен қатар, дүниежүзі халқының шамамен 70% құрайтын елдер вакцина ойлап табу бастамамына қосылған. ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесустің айтуынша, бұл – қазіргі әлемдегі ең тиімді инвестиция. Оның пікірінше, осы бағытта едәуір нәтижелерге қол жеткізу үшін әлем бірнеше түрлі вакциналар жасауы керек. Тиімді және әмбебап вакцина жасалған кезде оған деген сұраныс ұсыныстан әлдеқайда артық болады дейді ол.

«Бұл COVID-19-бен күрес құралдарын әділ және тең бөлуді қамтамасыз ететін жалғыз жаһандық платформа. Үш айдың ішінде біз айтарлықтай нәтижелерге жеттік. Қазіргі уақытта тоғыз тәжірибелік вакцина клиникалық сынақтың екінші немесе үшінші кезеңінен өтуде»,-дейді Тедрос Гебрейесус.

Дегенмен аталған жолда табысқа жету үшін қаржыландыру қажет. ДДСҰ бас директоры айтуынша, жаһанданған экономикада елдер бір-біріне тәуелді. Яғни, әлемнің ең шалғай аймағында жатқан вирусты жоймай, жалпы әлемдік экономиканы қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан әлем мемлекеттерінен бірлескен іс-қимыл мен ұйымшылдық талап етіледі. Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, әлемге коронавирусқа қарсы тиімді вакцина жасау мен өндіруге кем дегенде 100 миллиард доллар жұмсау қажет. Бүгінгі таңда аурудың таралуы және оның салдары әлемдік экономикаға айына 375 миллиард доллар шығын әкелуде.

«Менің ойымша, қалай алға басатынымызды ойлау керек. Осы бағытта қажырлы жұмыс атқаруымыз тиіс. Барлық жұмысты бірлесе атқарудан ғана ұтамыз. Бүгінгі таңда әлем коронавирустың қысқа мерзімді салдарымен күресуге триллион жұмсаған»,- деп атап өтті ДДСҰ басшысы.

Жалпы, әлемнің 188 елінде 20 млн 700 мыңнан астам адамда коронавирус дагнозы расталған. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет 755 мыңнан астам науқастың өмірін жалмады. Сауығып шыққандар саны 13 млн жуықтаған. Ауруды жұқтыру және одан болған өлім-жітім көрсеткіштері бойынша АҚШ әлі де көшбастап тұр. Құрама Штаттарда инфекцияға шалдыққандар саны 5 млн 248 мыңнан асты. Екінші орында – Бразилия. COVID-19 3 244 876 бразилиялық азаматтан анықталған. Ал үштікті тұйықтап тұрған Үндістанда  2 246 149 вирус жұқтыру жағдайы расталған. Одан кейін  Ресей, ОАР, Перу, Мексика, Колумбия, Чили және Испания елдері келеді.

 

Фото: pnp.ru