ӨЖЖ аппараттары және ультрадыбыстық маскалар: отандық өндіріс КВИ-мен күреске қалай үлес қосуда?

ӨЖЖ аппараттары және ультрадыбыстық маскалар: отандық өндіріс КВИ-мен күреске қалай үлес қосуда?

Ақмола облысында орналасқан қазақстандық зауыт еліміздің барлық 14 өңіріне 700 өкпені жасанды желдету аппаратын жеткізген. Олардың жалпы құны – 310 миллион теңге. Сонымен қатар, өндіріс орны Денсаулық сақтау министрлігіне ақысыз негізде тағы 180 құрылғыны жеткізіп берді, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Жыл соңына дейін ел кәсіпорындарының тапсырысы бойынша тағы 55 ӨЖЖ аппаратын жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, қазір Қазақстан тарапы түркиялық ӨЖЖ аппараттарының өндірісін жерсіндіру мәселесін пысықтап жатыр. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

«Қазақстан мен Түркия карантиннен шығу бойынша тәжірибе алмасып, коронавирус инфекциясын емдеуге арналған дәрілік препараттардың өндірісі және ӨЖЖ аппараттарының өндірісін локализациялау мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатады», - делінген вице-премьер Ералы Тоғжанов пен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың Түркияға сапарының қорытындысы бойынша таратылған хабарламада.

Сапар барысында қазақстандық делегация Анкара маңындағы Маниса қаласының аудандық ауруханасының жұмысымен танысты. Негізінен медициналық және технологиялық процестерді автоматтандыру, әлеуметтік қашықтық пен санитарлық-эпидемиологиялық режимді сақтау мәселелеріне назар аударылды.

Сонымен бірге, делегация Түркияның Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджамен және елдің ғылыми-медициналық қоғамдастығымен кездесіп, коронавирус инфекциясымен күрес аясындағы ықпалдастықты кеңейту жайын талқылады.

Сонымен бірге, Қазақстанда ультрадыбыстық маска шығарыла бастады. Израиль технологиясымен жасалатын ерекше бетперде вирус пен бактериядан қорғап қана қоймай, оларды жойып жібереді. Масканы бір жыл бойы қолдануға болады, дейді мамандар. Өндіріс қарқын алғаннан кейін инновациялық бетпердені ТМД елдері мен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне экспортқа шығару жоспары бар. Осы мақсатта өндірушілер 140 млн теңге инвестиция тартқан. Жоғары технологиялық масканың құны нақтыланған жоқ.

 

Фото: m.ru.sputniknews.kz