COVID -19: әлемде вирусты жұқтырғандар саны 20 миллионнан асты

COVID -19: әлемде вирусты жұқтырғандар саны 20 миллионнан асты

Әлемде 20 миллионнан астам адамда коронавирус диагнозы расталған. Осы уақытқа дейін 736 мың науқас індет құрбаны атанды. Бұл деректерді Джонс Хопкинс университеті келтіріп отыр. Оның мәліметіне сәйкес, тек соңғы 24 сағат ішінде инфекция 250 мың адамда расталған. Айта кетейік, COVID-19 жұқтыру бойынша қаралы тізім басында әлі де АҚШ көш бастап тұр, бүгінгі таңда мұнда 5 млн-нан аса дерек анықталған. Олардың жартысынан көбі Солтүстік және Оңтүстік Американың аймақтарына тіркелген. Әлемді дүрбелеңге салған вирусты жұқтырғандар саны бойынша екінші орында Еуропа, үшінші орында - Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері тұр.

«Коронавируспен күреске әрбір адамның мейлінше атсалысқанын қалаймыз. Үйде отыру керек болса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар. Сыртқа шыққан екенсіз, міндетті түрде маска тағып, сақтық шараларын сақтаңыздар»,- деп кеңес берді ДДСҰ өкілі Мария Ван Керкхов.

Ал, Бразилияда бір тәулікте тағы 22 мың адам вирус жұқтырды. Осылайша, елдегі науқастардың жалпы саны 3 миллионнан асты. 100 мың адам вирус құрбаны болды. Кеселдің кеңінен етек жайғанына қарамастан, елде кафе-ресторандар жұмыс істеп тұр. Қоғамдық орындарда адамдардың қарасы қалың. Сарапшылардың сөзінше, Бразилияда індет әлі де шарықтау шегіне жетпеген.

Әлемде коронавирус індетінің анықталуы бойынша Үндістан үшінші орында тұр. Мұнда 2 миллионнан астам адам ауру жұқтырған. Сондай-ақ, елде жақында инфекцияға шалдығу көрсеткіші ең жоғары - 62 мыңнан астам жағдайға жеткен. Үндістан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада мұнда АҚШ пен Бразилияға қарағанда бір тәулікте кеселге шалдыққандар саны аса көп.

Қаралы тізімнің ізін ала төртінші орында бізге көршілес Ресей Федерациясы келеді. Мұнда COVID-19 вирусының 900 мыңға жуық дерегі расталған. Тұтынушылардың құқығын қорғау және адамның әл-ауқатын бақылаудың федералды қызметінің басшысы Анна Попованың айтуынша, Ресейде коронавирус инфекциясының өсу қарқыны наурыз айынан бері шамамен 50 есеге азайды. Сонымен бірге, қазір Ресей курорттарынан оралған 10 мың адамның ішінде орта есеппен алты адамнан қауіпті инфекция анықталады.

Еуропа елдері арасында Испания коронавирус бойынша көш бастады. Елде соңғы бір күнде 1 мың адамнан қауіпті инфекция анықталды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, көп жағдай Каталония мен Арагонда тіркелген. Сондай-ақ, министрлік  Испанияда індеттің екінші толқыны басталғанын хабарлап отыр. Осыған байланысты билік қайтадан шектеу шараларын енгізе бастады. Мәселен, өткен аптада Аранда-де-Дуэро қалашығы екі аптаға карантинге жабылды. Айта кетейік, бүгінге дейін Испания жерінде 322 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған. Індеттен 30 мыңға жуық науқас қайтыс болды.

COVID-19 жұқтырған адамдар саны бойынша алғашқы ондыққа сонымен қатар Оңтүстік Африка, Мексика, Перу, Колумбия, Чили және Иран елдері де кірген.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: regnum.ru