Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина Жамбыл облысындағы фармзауытта шығарылады

Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина Жамбыл облысындағы фармзауытта шығарылады

Жамбыл облысында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның клиникалық сынағын өткізуге дайын. Қазақстандық алғашқы вакцина QazCovid-in деп аталады. Инактивтелген отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелді. Отандық 5 вакцинаның ішінде инактивтелген препараттың бірінші жасалуы тегін емес.

«Ол вакцина негізінде мына тірі вирусты өлтіріп барып, содан кейін дайындалады. Оның технологиясы негізінде бұрыннан бізге танымал және де басқа вирустармен сол бір технологиямен жасай беруге болғандықтан және де біздің институтымыздың ғалымдары сол технологияны өте жақсы білгендіктен және де оны дайындау мерзімі қысқа болғандықтан бірінші жолда сол вакцинаны дайындауға ұйғарым жасадық», дейді Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ҒЗИ аса қауіпті індетті аурулар зертханасының меңгерушісі Лесбек Құтымбетов.

Ғалымдардың айтуынша, қыркүйек айында адамдарға клиникалық сынақтар жасалады. Алғашқы кезеңге 44 ерікті қатысса, екінші кезеңіне 200 адам қатысады. Жаппай қолданысқа енгізу үшін үшінші және төртінші кезеңнен өтуі тиіс. Атап өтерлігі, отандық вакцина осы Жамбыл облысының Қордай ауданында құрылысы жүріп жатқан зауытта шығарылатын болады. Оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жамбыл өңірінің басшысы Бердібек Сапарбаев құрылыстың барысымен арнайы барып танысты. Ол нысанның уақытылы іске қосылуының маңызы айрықша екенін атап көрсетті.

«Зауыт биыл пайдалануға тапсырылуы тиіс. Бұл пандемия жағдайында өте маңызды. Зауытта иммунобиологиялық дәрілік препараттар, оның ішінде қазіргі таңда клиникалық тексеруден өтіп жатқан коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина өндірісі жоспарлануда», - деді аймақ басшысы.

Биофармацевтикалық зауытта халықаралық стандарттар бойынша иммунобиологиялық дәрілік препараттардың, соның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның өндірісі жолға қойылады. Кәсіпорында сондай-ақ, пандемиялық тұмау, туберкулез, бруцеллез, нодулярлы дерматит, инфекциялық мал ауруларына қарсы вакциналар да шығарылатын болады. Зауыттың қуаты жылына 60 миллион доза биофармацевтикалық препарат өндіруге жетеді.

 

Фото: 24.kz