COVID-19: 100 мың пациентті емдеуге арналған дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры қалыптастырлады

COVID-19: 100 мың пациентті емдеуге арналған дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры қалыптастырлады

Дәрі-дәрмек қорын қалыптастыру барысында күз-қыс айларында ЖРВИ-ге шалдығу көрсеткішінің артуы есепке алынады. Бұл туралы ОКҚ баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова мәлімдеді

«СК-Фармация» базасында қор қалыптастыру барысында вирустық аурулармен қатар, коронавирус инфекциясына шалдығу болжамы есепке алынады. Осыған байланысты тегін амбулаторлық, стационарлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және бөлшек сауданы толықтыру үшін қор қалыптастырылады. Барлық есеп-қисабын аурудың өсіміне байланысты ұсынатын боламыз», - деді вице-министр

Ал «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевтің айтуынша, дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесін қысқа мерзімде тез шешу үшін арнайы шаралар кешені әзірленді.

«Шұғыл шаралар кешені бойынша 2,6 млрд теңгеге КВИ емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді бір айға жететіндей етіп алу, 8,7 млрд теңгеге 40 мың пациентке қосымша көлем сатып алу, 24 млрд теңгеге КВИ-мен ауырған 100 мың пациентті емдеуге арналған дәрі-дәрмектерге 2 айлық резерв қалыптастыру қарастырылып отыр», - дейді Ерхат Есқалиев.

Сондай-ақ, оның айтуынша, логистика жаңартылған. Жағдайды өзгерту үшін бұл үрдіс статикалықтан динамикалық есепке өзгертілді. КВИ жедел жағдайы кезінде барлық дәрі-дәрмектер медициналық мекемелерге бірден жіберіледі.

«Қойма кезекші топтар құра отырып, 24/7 режимінде жұмыс істеді. Жоспарланған рейстер саны 1,7 есеге артты. Жеткізу мерзімі 2 аптадан 1 аптаға дейін қысқарды. Дәрі-дәрмектерді санауды тездету үшін қойма жұмысшыларының саны көбейтілді. Дәрі-дәрмектерді жеткізуді жеделдету туралы  әуе компанияларымен келісім  жасалды. Енді бірігіп жұмыс істейміз», - деді «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы.

Бүгінде COVID-19 емдеу жөніндегі клиникалық хаттамаға енгізілген 91 дәрілік зат жұқпалы аурулар ауруханалары мен уақытша орталықтарға жөнелтілді. Ерхат Есқалиевтің дерегінше, коронавирус инфекциясы басталғаннан бері 12,8 млрд теңгенің дәрі-дәрмектері жеткізілген.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: tengrinews.kz