Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал: стационарлық орталықтар жабылып жатыр

Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал: стационарлық орталықтар  жабылып жатыр

Қазақстанда коронавирус эпидемиясына қатысты жағдай тұрақталып келеді. Пневмония ауруы да азайып, провизорлық госпитальдың төсек-орын саны қысқаруда. Жуырда жұмысын бастаған Алматыдағы Halyk Arena спорт кешеніндегі провизорлық орталықтың жұмысы көп ұзамай тоқтатылды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматы телеарнасында өткен тікелей эфирде айтты.

«Halyk Arena спорт кешенін қайта жабдықтағанымызды білесіздер. Ғимарат ішіне 1 000 жуық төсек жайғастырдық. Алайда, біз кешенді ашпай қоя тұрамыз. Егер емханаларда орын жетпеген жағдайда осы жерде қабылдайтын боламыз. Стационардың қызметкерлері қажетті дайындықтан өтті, дәрі дәрмекпен қамтылды», - деді қала әкімі.

Қостанайда да короновирус індеті мен пневмония жұқтырған науқастар санының азаюына байланысты 2 провизорлық орталық жұмысын тоқтатты.

 «Облыс орталығындағы «Достық» санаториі мен тері аурулары диспансері жанынан ашылған провизорлық орталықтар жұмысын тоқтатты»,- деп хабарлайды Облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жиын өткізіп, облыстың эпидемиялық жағдайы тұрақтанып келе жатқанын айтқан болатын.

Жалпы елімізде 30-шілдедегі ақпарат бойынша 15 провизорлық стационар жабылған.

«Аурудың тәуліктік өсімі 4%-тен 1,5%-ке төмендеді. Аурудан жазылғандар саны 66%-ке жетті. Жедел жәрдем шақыру 40%-ке, оның ішінде коронавирусқа байланысты шақырту 52%-ке, пневмония бойынша шақыру 35%-ке азайды. Ауруханаларда жататын орындарды қолдану 90%-тен 40%-ке дейін төмендеді. Осыған байланысты жеті өңірде он бес провизорлық стационар жабылды»,- делінген ҚР Үкіметінің хабарламасында.

 

Фото: almaty.tv