БҰҰ: Оқушылар білімдерін мектепте жалғастыруы қажет

БҰҰ: Оқушылар білімдерін мектепте жалғастыруы қажет

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш білім берудегі коронавирустың салдарынан туындаған «үзіліс» планетаның бүтіндей бір буыны үшін үлкен қауіп болғалы отырғанын айтты. Оқушылардың мектепке оралуы және осы реттегі қауіпсіздік  қазіргі таңда басты мәселе болуы керек, деп атап өтті ол БҰҰ сайтында жарияланған бейнехабарламасында.

Шілде айының ортасындағы жағдай бойынша 160 елдің шамамен 1 миллиард оқушысы үшін мектептер жабық, ал 40 миллионға жуық бала мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне бара алмай қалды, деп атап өтті Гутерриш. Сонымен қатар, індет тарағанға дейін 250 миллион бала білім ала алмаған болатын, ал дамушы елдердің орта мектеп оқушыларының төрттен үш бөлігі мектептерден тіпті базалық білім алмай жатып кетуге мәжбүр болған.

«Қазір біз болашақ ұрпақтың келешегіне балта шабылайын деп тұр. Салдарынан адами құндылық толығымен ашылмай, әлеует жойылып кету қаупі бар. Соңғы онжылдықтардың прогресі бұзылып, теңсіздікке ұласуы мүмкін», - деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысы.

Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше әлемді дүр сілкіндірген коронавирус індеті бүгінгі таңда 18,5 млн адамда  расталған. 700 мыңнан аса науқас инфекция құрбаны атанса, 11 млн 74 мыңнан көбі вирусты жеңіп шықты.

Аптаның басында Үндістанда бір тәулікте  өзге елдермен салыстырғанда, коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайлары көбірек тіркелді. Сәйкесінше індет 50 мыңнан астам үндістандықта расталып, қаралы тізімді толықтырды. Жалпы елде эпидемия жарияланғалы ауруға шалдыққандар саны 1 908 254 жетті. 39 мың 795 науқас қайтыс болды.

Сонымен қатар, COVID-19 инфекциясының расталған жағдайлары бойынша АҚШ әлі де көш бастап тұр. Бүгінгі таңда мұнда 4 771 мыңнан аса адамда коронавирус диагнозы анықталды. Сауыққандар саны 1 528 979, қайтыс болғандар 156 800-ден асты.

АҚШ-тан кейінгі қаралы тізімнің екінші орнына Бразилия жайғасты. Мұнда 2 801 921 адам ауруға шалдыққан. Ал 2 157 484 науқас вирустан айығып шықса, 95 819-і қайтыс болды.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: 24.kz