Танымал нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев: карантинді кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға созу – дұрыс шешім

Танымал нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев: карантинді кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға созу – дұрыс шешім

«Коронавирусты емдеу негізгі профиліме жатпаса да, жалған ақпараттан халықты сақтандыру мақсатында бар білген-түйгенін халыққа айту азаматтық борышым», дейді танымал нейрохирург, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Мыңжылқы Бердіқожаев.

Kazakh TV тілшісіне сұхбат берген маман елде қауіпті инфекция белең ала бастаған сәттен халықты маңызды әрі керекті кеңестерімен ақпараттандырып келеді. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға созу туралы тапсырмасын толықтай қолдайды. Және өткендегі жағдай қайталанбас үшін халықты сақтық шараларын алдағы уақытта да қатаң сақтауға шақырады. Сонымен қатар, дәрігер алдағы күз мезгіліне кезекті толқынға болжам жасай отырып, қандай дәрумен ішіп, ағзаны коронавирусқа және маусымдық инфекцияларға қарсы тұруға қалай дайындау керектін айтты.

«Жаз мезгілінде D дәруменін дәрігер ішу керек деп айтпаса, қазір пайдаланбаған жөн. Себебі жазда D дәруменін біз күн сәулесінен аламыз. Ал егер сіз осы дәрумен пайдалы екен деп қажетінен артық пайдаланатын болсаңыз, өз ағзаңызға өзіңіз зиян келтіресіз. Екіншіден, бұған дейін лимон, бал, зімбірмен шәй ішіп жүрген болсаңыз, оның еш зияны жоқ екендігін айтқым келеді. Яғни ары қарай да жалғастыра беріңіз. Сондай-ақ, егер де температураңыз көтеріліп, оны белгілі бір дәрілермен 3-4 күн ішінде түсірген болсаңыз, ары қарай дәрі ішпеңіз. Ағзаңыздың ары қарай өзі күресіп кеткені абзал және соңғысы дейін. Ол жылқының еті, сүтін қазірден ішіп-жеуге кеңес беремін. Жылқының еті мен сүтінен құнарлы ештеңе жоқ. Сондықтан қазірден өз пайдаңызға асыра беріңіз. Күзде індеттің кезекті толқыны келген жағдайда ағзаңыз бойыңызда бар дәрумендермен өзі күресіндей жағдайға жету үшін осы кеңестерге құлақ асқаныңыз жөн. Спортпен таза ауада айналысып тұруды естен шығармаңыз», - деп бөлісті Мыңжылқы Бердіқожаев.

Сондай-ақ маман күз мезгіліндегі тағы бір толқынның халық үшін қиынға соқпасы үшін, той-томалақ, өлім-жітім, түрлі жиындарға қатаң түрде бармауға кеңес береді.

«Өткен жолғы жағдай біз үшін үлкен сабақ болуы тиіс», - дейді дәрігер.