COVID-19 жұқтырған науқастарды емдеу үшін плазма доноры болу үшін не істеу керек?

COVID-19 жұқтырған науқастарды емдеу үшін плазма доноры болу үшін не істеу керек?

COVID-19-бен ауыратын науқастарды емдеу үшін иммундық плазманы орта немесе ауыр дәрежелі коронавирус инфекциясымен ауырған донорлар тапсыра алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Донордың жасы 18-ден асқан, жеке куәлігі бар және салмағы кемінде 50 кг болуы керек. Сондай-ақ, тағы да бірнеше қосымша анализдер де тапсыру қажет.

«Сондай-ақ жүкті емес және босанбаған әйелдер де плазма тапсыра алады. Бұл плазманы құю кезінде иммуннологиялық асқынуларға жол бермес үшін жасалады. Мұндай асқынулар сирек болады, бірақ кездесуі мүмкін. Мұндай проблеманы туғызбау үшін біз босанған әйелдерден қан алмаймыз», – дейді донорлық кадрларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі, трансфузиолог-дәрігер Эльмира Көпеева.

Бірінші күні орталықта донор қаны мен антиденені талдау үшін тексеру жүргізіледі. Егер көрсеткіштер қалыпты болса, келесі күні ол иммундық плазманы тапсыруға шақырылады. Процедураның аппараттық әдіспен жасалатын плазмафорезден еш айырмашылығы жоқ. Плазма 600 миллилитр немесе одан төмен көлемде алынады.

«Антиденелер расталған жағдайда, иммундық плазманы тапсырар алдында дайындалу керек. Кешкі сағат 6-дан бастап, ащы, майлы, қуырылған тағамдарды, сүтті пайдаланбаған жөн. Суды немесе қара шайды көп ішу қажет», – дейді маман.

Күн сайын тексеруге 10-11 донор келеді, олардың тек 3-4-еуі ғана плазманы тапсыра алады. Көбіне талдау қалыпты болмайды және қалпына келтіру үшін көп уақыт қажет.

Айта кетейік Нұр-Сұлтан қаласында барлығы 190 доза иммундық плазма дайындалып, ауруханалардың сұранысы бойынша 151 доза жіберілді. Олардың 10-ы басқа да қан орталықтарына берілді. Жалпы, 77 донация өткізіліп, 69 адам иммундық плазма доноры болды.

Иммундық плазманы тапсыруға ниет білдірушілер Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығына жүгінуі қажет. Орталық Керей мен Жәнібек Хандар көшесі, 10 мекен-жайында орналасқан.

Естеріңізге сала кетейік, сарапшылар жоғарыда атап өткендей, плазма – бұл дәрілік зат емес. Бірақ ол – негізгі вирусқа қарсы дәрі-дәрмектермен бірге инфекциямен күресте көмекші құрал.

 

Фото: 24.kz