ДДСҰ: Коронавирус жағдайы қайтадан басынан басталуы мүмкін

ДДСҰ: Коронавирус жағдайы қайтадан басынан басталуы мүмкін

Коронавирус жағдайы қайтадан басынан басталуы мүмкін. Бұл туралы ДДСҰ өкілдері Женевада өткен брифингте мәлімдеді деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар сайты. Халықаралық денсаулық ұйымы індеттің қайта белең алуына нақты дәлелдер келтірген.  Мәселен, вирус кей жерде агрессиялы түрде таралып жатса, кей жерде ауру жұқтырудың жаңа деректері өте төмен, эпидемияны жеңген деп көрінген кейбір елдерде жаңа оқиғалар пайда болуда.

«Бірде бір елдің карантинге қайтып оралғысы келмейтіні түсінікті. Және оның экономикалық, өзге де зардаптары жеткілікті. Бірақ біз вирустың таралуы қалай жүретінін түсінетін болсақ, оған жауап шараларды қолдана аламыз. Бұл нейрохирургиядағы жағдай сияқты: миға ота жасалғанда, хирург дәрігерлер проблема жасырынған жерге жету үшін, микроскоптарды қолданады», - деді ДДСҰ Төтенше жағдайлар бойынша атқарушы директоры Майк Райан.

 Оның айтуынша, қолданып отырған шаралар нақты әрі жүйелі сипатта болуы тиіс – егер «нұсқау әрбір екі сағатта өзгеріп отырса», бұл тұрғындар үшін өте ауыр, адамдарды кері әсерде қалдыруы мүмкін. ДДСҰ қандай да бір кезеңде нақты шаралар қолданып, олардың нәтиже беруіне көз жеткізу қажеттігін ұсынады.

Майк Райан «проблеманы жасыруға тырысып жүрген» елдердің әрекетін айыптады.  

«Биліктің шынайы жағдайды жасыруы немесе оның «жақсы көріну» әрекеті әлдеқайда қауіпті. Мен елдердің маған шынайы жағдай туралы баяндап, аурудың өршуін басу үшін шаралар қолданғанын қалаймын», - деп толықтырды ол.

Қытайда коронавирустың таралуына байланысты 6 миллион адам тестілеуден өтеді

ДДСҰ қаққан дабылдың негізсіз еместігіне дәлел болғысы келгендей, вирус ошағы Қытайда қайтадан індет жұқтырғандар саны арта түскен. Далянь қаласында SARS-CoV-2 коронавирусын жұқтырғандардың саны ұлғаюына байланысты билік қаланың 6 млн тұрғынын түгел тексеруден өткізеді. Бұл туралы South China Morning Post басылымы хабарлады. Билік портты қаланың әрбір тұрғынынан төрт күн ішінде сынама алады. Ал кейбір аудандарда тестілеу екі рет өткізіледі.

Осы жолы теңіз өнімдерін шығарушы компания вирус ошағына айналған. Сонымен қатар Далянь қаласында індетке шалдыққан симптомсыз тасымалдаушылар инфекцияны өзге төрт провинцияның 7 қаласына таратқаны белгілі болды.

Жалпы Қытайда соңғы бір тәулікте 102 адам індетті жұқтырған. Оның 34-і симптомсыз тасымалдаушы. Елде бүгінгі таңда 86 780-нен аса адамда COVID-19 дерегі расталған. 4 656 науқас қайтыс болды.

Еуропа короновирус инфекциясының екінші толқынына дайындалуда

Еуропа елдері кейбір шектеулерді қайта енгізуге қамданып жатыр. Мәселен, Каталония билігі егер алдағы 10 күн ішінде вирус бақылауға алынбаса қайта «локдаун» шаралары енгізілетінін мәлімдеді. Соңғы екі аптада Каталонияда шамамен 8000 жаңа инфекция жұқтыру дерегі тіркелді.

Германияда соңғы екі апта ішінде COVID-19 вирусының расталу көрсеткіші  арта түскен. Бұған елдің денсаулық сақтау өкілдері алаңдаушылық білдіріп отыр. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Йенс Шпан өзге елдерден келгендерге міндетті тестілеуден өтуді енгізді.

Айта кетейік, Германияда бір тәулікте инфекцияға шалдыққандар саны 600 -ден асып жығылған. Осылайша Робет Кох институтының статистикасына сәйкес бүгінгі таңда елде 207 112 адам ауруды жұқтырған.

Ал Францияда  жастар арасында вирусты жұқтырғандар саны күрт өскен. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жастарға санитарлық нормаларды сақтап, бетперде киюді, әлеуметтік қашықтықты ұстануды  талап етті.

Грецияда маска кию тек қана супермаркеттерде ғана емес, сонымен қатар барлық жабық нысандарда енгізілуі мүмкін. Үкімет өкілі Стелиос Петсас шіркеулерде де бетперде кию уақыт талабы деп түсіндірді. Елде күн санап инфекцияның таралуына орай қоғамдық көліктерде де маска кию міндеттелген еді. Заңды бұғандарға 150 евро айыппұл салынады.

Бельгияда екінші «толықтай оқшаулау» шаралары енгізілуі мүмкін. Уақытынан ерте шақырылған Бельгияның Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі дүйсенбі күні жиын өткізді. Алты сағатқа созылған пікірталастан кейін Кеңес COVID-19 эпидемиясына қарсы қолданылатын шараларды ішінара қатайту туралы шешім қабылдады. Премьер-министр Софи Вильмес Брюссельде өткен кеңес мәжілісінен кейінгі баспасөз мәслихатында эпидемиологиялық деректер алаңдаушылық тудыратынын және ел басшылығы жағдайды бақылауда ұстауға барынша күш жұмсап жатқанын жеткізді.

Жалпы Джонс Хопкинс университетінің мәлімдеуінше әлемнің 188 еліне тараған коронавирус індетіне шалдыққандар саны 16 млн 482 мың 592 жеткен. 654 103 науқас вирус құрбаны атанған. Инфекцияның таралуы мен өлім-жітім көрсеткіші бойынша әлі де АҚШ көш бастап тұр. Бүгінгі таңда мұнда 4 млн 290 мың 263 адамда COVID-19 жағдайы анықталған. 148 011 науқас індетті жеңе алмады.

 

Фото: dw.com