Қазақстанда КВИ жұқтыру жағдайы 29 процентке азайды

Қазақстанда КВИ жұқтыру жағдайы 29 процентке азайды

Елімізде коронавирус жұқтыру көрсеткіші азайып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеп, қатаң карантин шараларының нәтижесі туралы баяндады.

«Қатаң карантин шаралары енгізілгелі бері, яғни 5 шілдеден бастап үш аптаның ішінде КВИ жұқтырудың 35 951 жағдайы тіркелді. Жалпы қатаң шектеу шараларын енгізген сәттен кейін тіркелген жағдайлардың 29% азайғаны байқалады. Қазіргі уақытта COVID-19 вирусын жұқтыру бойынша жағдай күніне орташа есеппен 1600 адам деңгейінде тұрақталды. Сонымен қатар, төсек-орындар 43%, жансақтау бөліміндегі төсек орындар 27% босады.КВИ жұқтырғандардың ішінде сауыққандардың үлесі 63 пайызға артты», - деді Алексей Цой.

Министр карантин аяқталғаннан кейін, яғни 3 тамыздан бастап бірқатар нысандардың жұмыс бастауына рұқсат берілетінін айтты. Бұл үшін санитарлық-дезинфекциялық режим сақтап, маска тағу және  әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптары орындалуы керек. Сонымен қатар, апта ішінде инфекцияның таралу деңгейі тұрақталып, төсек орындардың 70 проценті босауы тиіс.

 «Осындай шарттар орындалған жағдайда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, уақыты мен күні шектеулі тәртіпте сауда желілері, жабық азық-түлік нысандары мен азық-түлік сатпайтын базарлар ашылады. Сондай-ақ, балалардың коррекция кабинеті, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, топтық үйірмелер (бес баладан аспауы керек) жұмыс бастайды. Балалардың мектепке дейінгі мекемелеріне де кезекші топ режимінде жұмыс істеуге рұқсат. Сән-салондары, шаштараздар, косметикалық қызмет көрсететін орталықтар (алдын ала жазылу бойынша)  ашылады», - деді ол.

 Дегенмен, мемлекеттік қызметшілер мен кеңсе қызметкерлерінің 80 проценті үшін  қашықтан жұмыс істеу тәртібі күшінде қалды. Жаппай бұқаралық шараларды өткізуге де әлі ерте.   

 «3 тамыздан кейін мына тыйым күшінде қалуы керек: жаппай жиналатын бұқаралық шараларды өткізуге, көңіл көтеретін мекемелерге, кинотеатрлар мен фудкорттарға, банкет залдарының жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Мейрамханалар мен барлар, түнгі және ойын клубтары да әзірге жұмыс бастамайды. Мәдениет нысандарының, музейлердің жұмысы жанданбайды. Конференциялар мен көрмелер, форумдар өткізілмейді. Спорт залдардың, фитнес-орталықтардың, бассейндер мен аквапарк пляждарының, діни нысандардың жұмысы басталмайды. Жолаушылар пойызы (жұмыс пойыздарын есептемегенде электричкалар) мен қала арасындағы автобустардың қозғалысы жанданбайды», - деді Алексей Цой.

Сонымен қатар, көшеге, саябақтарға, скверлер және жағалауға барғанда 3 адамнан артық топтасуға болмайды. Салауатты өмір салтын сақтаудың маңызы зор. Алайда, сыртта спортпен айналысу барысында белгіленген талаптарды сақтау қажет.

«Спортпен айналысу форматына қатысты, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауада жеке және топтық жаттығуларға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, ұлттық құрамалар үшін 30 адамнан аспайтын спорттық жаттығуларға рұқсат беріледі», - деп атап өтті министр.

 Қала тұрғындары үшін тағы бір жағымды жаңалық: 3 тамыздан бастап уақыт пен жолаушылар санын 50% шектей отырып, қоғамдық көліктердің жұмысы қайта жанданады. Бұл ретте маскалық, санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау және кондукторлардың болуы міндетті. Осы аталған талаптарды ескерте отырып Алексей Цой азаматтарға қоғамдағы қауіпсіздік пен гигиена шараларын қатаң сақтауға кеңес берді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: primeminister.kz