Короновирус инфекциясының таралуы кезінде иммунитетті сақтау және нығайту амалдары

Короновирус инфекциясының таралуы кезінде иммунитетті сақтау және нығайту амалдары

Коронавирустық инфекцияның таралу жағдайында көптеген адамдар иммунитетті қалай сақтау және нығайту керектігі туралы ақпарат іздейді. Белгілі қазақстандық медицина қызметкерлері біздің телеарна арқылы өз кеңестерімен бөлісті.

Медицина ғылымдарының докторы, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас гепатологы Венера Рахметованың айтуынша, ең алдымен бауырдың жұмысын жақсарту және оның тұрақты жұмыс істеуі үшін жағдай жасау керек. Оның айтуынша, бұл орган көптеген функцияларды орындайды, оның ішінде иммундық жүйенің реакцияларына атсалысады. Сондай-ақ бауыр инфекцияға қарсы тұру деңгейін анықтайды. Сондықтан бауырды сақтау және күту керек.

«Тағамның калориясы 2800-2900 килокалориядан аспауы керек. Аспаздық тұрғыдан алатын болсақ, тағамды асылған түрінде, бұқтырылған түрде және пеште пісіріп жеуге әбден болады. Майлы тағамдарды, жартылай фабрикаттарды, құрамында тұз, қанты көп зиянды тағамдарды алып тастау керек, сондай - ақ тәтті сусындарды да ішпеген жөн», - дейді Венера Рахметова.

Медицина ғылымдарының докторы тамақтану барысында тағамда барлық өнімдердің болуы маңызды шарт екендігін атап өтті.Сондай-ақ, ол салауатты өмір салтын ұстану, дене белсенділігін арттыру эпидемияға қарсы басты шара екендігін және спорт коронавирустық инфекцияның алдын алуға, сонымен қатар ауырған адамның тез сауығуының кепілі екенін атап өтті.

Иммунитетті көтеру үшін дұрыс тамақтану мәселесімен профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман да келіседі. Оның айтуынша, бұдан басқа сұйықтықты лимонмен көп ішу керек.

«Егер мүмкіндік болса, далаға шығып, күннен қуат алып, таза ауа жұту маңызды. Ал иммунитетті шаршатпау үшін антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қабылдамаған жөн», - деп өз сөзін толықтырды профилактикалық медицина академиясының президенті.

ҰҒМО басқарма төрағасы Абай Байгенжин антибиотиктерді дәрігердің бақылауынсыз қабылдау иммунитетке зиян келтіруі мүмкін деген пікір айтты.

Қазақстандықтар белгілі бір дәрі-дәрмектерді жаппай сатып алып, пайдалана бастаған сәтке қатысты Байгенжин былай деп пікір білдірді: «Үрей - аурудың бастауы, тыныштық - денсаулықтың бастауы, ал шыдамдылық – жазылуға әкелетін жол».

Авторы: Ақзер Сегізбай

 

Фото: article