Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазақстандықтарды тегін дәрімен қамтамасыз етеді

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазақстандықтарды тегін дәрімен қамтамасыз етеді

COVID-19 жұқтырған қазақстандықтар қандай дәрілерді тегін ала алады? Бұл жөнінде онлайн брифинг барысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтып берді.

«Тыныс алу жолдарының ауруларын емдеуге арналған тегін дәрілер, соның ішінде COVID-19-ды амбулаториялық деңгейде емдеуге МӘМС қаражатының есебінен мынадай дәрілермен қамтамасыз ету қарастырылған: балаларға азитромицин, амоксоциклин, цифуракцин, яғни бактерияға қарсы дәрілер және дене қызуын түсіретін ибупрофен және парацетамол. Ересектерге азитромицин менамоксоциклин бактерияға қарсы дәрілері беріледі», - деді Болат Төкежанов.

Оның айтуынша, Қор КВИ диагностикасына, емдеуге және асқынуларға байланысты барлық шығынды медициналық ұйымдарға өтеу үшін емдеудің ауырлығын ескере отырып, жаңа тарифтер әзірледі. Қазір осыған қатысты  қосымша 110 млрд теңге бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында елімізде қосымша 140 млрд теңге бөлінеді деді спикер.

«Осылайша, коронавирустық инфекцияның жеңіл деңгейіндегі бір науқасты емдеу – 292 600 теңге, орташа деңгейдегі науқас – 446 100 теңге, ауыр науқасты емдеу – 1,5 млн теңге. Өте ауыр халдегі науқасты емдеу үшін Қор бір науқас үшін 1,7 млн теңге төлейді», - деді Болат Төкежанов.

Қор басшысы жедел жәрдем көрсету тарифінің құрылымында жеке қорғану құралдарына жұмсалатын шығындардың орта есеппен 40%-ға артқанын атап өтті.

«Қордың қосымша жоспарланған қаржыландыру көлемінен мобильді бригадалардың жұмысына шамамен 7,7 млрд теңге жіберіледі. Тіпті қазір емханалар мен отбасылық амбулаториялар жанынан дәл осындай үш мыңнан астам бригада құрылды», - деді Б.Төкежанов.

Брифинг барысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жаңа басшысы коронавирусқа қарсы күрес шараларына бөлінген қаражат бойынша есеп беріп өтті. Қордан жалпы жұқпалы вирусты ауыздықтау шараларына 56,7 млрд теңге  бөлінген. Халыққа көмек көрсету үшін 630 мекемемен шарт жасалып,  медициналық көмек пен стационарлардағы ем үшін – 13,4 млрд теңге, қауіпті аймақтарда жұмыс істеген медициналық қызметкерлерге үстемеақы төлеуге – 38,1 млрд теңге, ПТР диагностикаға – 5,2 млрд теңге қарастырылған.

 

Фото: m.azh.kz