COVID-19: әлемде індетке шалдыққандар саны 16 миллионнан асты

COVID-19: әлемде індетке шалдыққандар саны 16 миллионнан асты

Әлемде COVID-19 инфекциясына шалдыққандар қатары азаяр емес. Осыған қарамастан кейбір елдер шектеулерді біртіндеп алып тастауда. Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша бүгінгі таңда вирус жұқтырғандардың саны 16 млн  асып жығылған.

COVID-19 жұқтырған ондықтың көшбасында әлі де АҚШ тұр. Мұнда 4 234 020 коронавирус дерегі расталған. Осы күнге дейін 146 935 науқас инфекция құрбаны атанған.

Бразилияда - 2 419 091 вирус жұқтырған, 87 004-і қайтыс болды;

Үндістанда - 1 435 616 вирус жұқтырған, 32 771 қайтыс болды;

Ресейде - 811 073 вирус жұқтырған,  13 249 қайтыс болды;

Оңтүстік Африкада - 445 433 вирус жұқтырған,  6769 қайтыс болды;

Мексикада - 390 516 вирус жұқтырған,, 43 680 қайтыс болды;

Перуде - 375 961 вирус жұқтырған,  17 843  қайтыс болды;

Чилиде - 345 790 вирус жұқтырған,  9112 қайтыс болды;

Ұлыбританияда - 301 020 вирус жұқтырған, 45 837 қайтыс болды;

Иранда - 291 172 вирус жұқтырған, 15 700 қайтыс болды.

Испания тағы да шектеулер енгізді

Испания COVID-19 инфекциясының расталған деректерінің көбеюіне байланысты қайта шектеулерді енгізуде. Мұндай шаралар ел билігінің індеттің екінші толқынынан қауіптенуіне байланысты туындап отыр. Сонымен, өткен жұмада Испанияның Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Сальвадор Илья соңғы бір тәулікте Барселонада 900-ден астам адам індетке шалдықаннын хабарлады. Ауруды жұқтырғандардың қатарында әсіресе ферма қызметкерлері, түнгі клубқа келушілер көп. Осыған орай індеттің одан әрі таралуын тоқтату үшін Каталония билігі өңірдегі барлық түнгі клубтар мен би алаңдарын жабу туралы шешім қабылдады.  Сондай-ақ, отбасылық отырыстар мен дос, туыстармен кездеу барысында вирус жұқтырғандар қатары да арта түскен.

Алдағы күндері Мадридте де шектеулер енгізілуі мүмкін. Испания астанасының билігі қала тұрғындарынан бетпердені тек көшеге шыққанда ғана тақпай, сонымен қатар қонақтар, көршілер немесе курьерлер келген жағдайда үйде де тағып жүруді сұрады. Сондай-ақ, қала тұрғындарына жақында барлар мен мейрамханаларға келушілер санына шектеулер енгізілетіні ескертілді. Айта кетейік, Испанияның Мурсия провинциясындағы Тотана деген кішкентай қалада 55 адам инфекцияға шалдыққаннан кейін қала  карантинге жабылған еді. Алдын ала болжам бойынша вирусты жұқтырғандардың барлығы бір түнгі клубта болған.

Франция: 16 елден келген жиһанкез тест тапсыруы тиіс

Бесінші республика премьер-министрі Жан Кастекс Францияға АҚШ, Бразилия, Алжир, Бахрейн, Израиль, Үндістан, Оңтүстік Африка Республикасы, Кувейт, Катар, БАӘ, Оман, Панама, Перу, Сербия, Түркия және Мадагаскардан келген туристер міндетті түрде коронавирусқа қарсы тестілеуден өткізілуі тиіс екендігін жеткізді. Айта кетейік, бұл міндеттеме тек осы елдерден келген француздар үшін, немесе Францияда тұратын аталмыш  ел азаматтары үшін ғана қатысты деп түсіндірді премьер-министр. Себебі, бұл 16 елге Франция аумағына кіруге тыйым салынған.  Ал тест оң нәтиже көрсеткендер екі аптаға карантинге жатқызылатын болады. Мұндай қатаң шешім елде COVID-19 ауруының артуына байланысты қабылданған.  Франция Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы күндері тәулігіне мыңға жуық жаңа дерек тіркелуде. Сонымен қатар, Франция билігі ел азаматтарына мүмкіндігінше Каталонияға барудан бас тартуға кеңес берді.

Оңтүстік Корея: Ресей теңізшілері коронавирус жұқтырды

Өткен тәулік ішінде Оңтүстік Кореяда 113 адам коронавирус инфекциясына шалдықты. Бұл – соңғы 3 айда тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Айта кетейік, қауіпті індетке шалдыққандар қатарында Оңтүстік Кореяның Пусан портына келіп тоқтаған ресейлік «Петр Первый» балық аулау кемесінің кем дегенде 23 теңізшісі бар. Сондай-ақ, жақында 293 оңтүстік кореялық Ирактан елге оралды. Олардың көбінде COVID-19 диагнозы расталған.

Англияда бассейндер мен фитнес клубтар ашылды

Англияда өткен сенбіден бастап жабық бассейндер, фитнес-клубтар және басқа да спорттық нысандар ашыла бастады. Елде бүгінгі таңда спорт залдардың үштен бір бөлігі белгілі себептерге байланысты жабылғандықтан қаржылық шығындарға батып, қайта қалпына келе алмайтындындарын жариялады. Алайда, жұмысын жандандырған нысандар қатаң санитарлық нормаларды сақтаулары тиіс. Осыған байланысты залға бір уақытта келушілер саны шектеулі болады, барлық келушілер мен қызметкерлер әлеуметтік қашықтықты сақтауы талап етіледі. Сонымен қатар, клубтарда желдету жүйесі іске қосылуы керек. Еске сала кетейік, таза ауадағы спорт нысандары Англияда 4 шілдеден бастап жұмыс істей бастады.

Солтүстік Ирландияда да спорт залдары ашылды, ал Уэльс пен Шотландияда керісінше нысандар әлі жабық. Сонымен бірге, Ұлыбритания билігі ел тұрғындарына артық салмақ COVID-19 ауруынан айығуға кері әсер ететінін тағы бір рет ескертті.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: interfax.ru