ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жаңа санитарлық ережелерді қолдана бастады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жаңа санитарлық ережелерді қолдана бастады

Денсаулық сақтау министрлігінде СОVID-19 вирусының алдын алу және ауруға шалдығу көрсеткішін азайту мақсатында профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың санитарлық ережелері әзірленіп, қабылданды. Бұл туралы Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен брифингте ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты.

Оның айтуынша, талапты бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сәйкес жауапқа тартылады. Айыппұл жеке тұлғалар үшін 30 АЕК немесе 83340 теңге, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 1600 АЕК-ке дейін, яғни 4,5 млн теңгенң құрайды.

Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде карантиндік шаралардың сақталуын тексеретін 644 мониторингтік топ жұмыс істеуде. Олар әкімдік жанынан құрылған және құрамында жергілікті атқару органдарының, полиция қызметінің және санитарлық қызметтің өкілдері бар. 5 шілдеден бүгінгі күнге дейін мониторингтік топтар карантин жағдайында жұмыс істеп жатқан 25 мыңанан аса нысанды тексерді. Оның 12 процентінде немесе 3 мың нысанда карантин талаптарының бұзылғаны анықталған. Сонымен қатар Айжан Есмаағамбетова айтуынша, карантиннің алғашқы аптасында мониторинг топтары карантин режимін бұзғандарды жауапқа тартпай, түсіндіру жұмыстарын ғана жүргізген.

«Осылайша, мониторинг топтары кәсіпкерлерге 16 мың ұсыным берген. 742 нысан өздігінен каратиндегі жұмысын тоқтатқан. Тексеруде анықталатын негізгі ереже бұзушылықтар – маска тақпау, ара қашықтық сақтамау, қызметкерлерді маскамен және антисептикпен қамтамасыз етпеу және наурыз айынан бері тыйым салынған жаппай бұқаралық шаралар өткізу фактілері де тіркелді»,- деді ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері.

Одан бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары жоспардан тыс тексеру жүргізген. Бүгінгі таңда 270 нысан тексерістен өтіп, оның барлығынан дерлік құқықбұзушылық тапқан. Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы 1036 хаттама толтырылып, 202 ұйғарым берілген. 23 кәсіпкерлік нысанның жұмысы тоқтатылды.

«Тексеру аясында анықталған құқықбұзушылықтар үшін 457 лауазымды тұлға 65 млн теңгеге жауапқа тартылды», - деді Айжан Есмағамбетова.

Бүгінгі таңда карантин талаптарын бұзған адамдарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып жатқандығын да айтып да айтып өткім келеді. Осылайша, жеке тұлғалар арасында 5 шілдеден бастап, 495 адамға 20 млн астам теңге айыппұл салынды. Әсіресе, Алматы қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары көп ереже бұзған. Негізгі құқықбұзушылықтар бұл жабық нысандарда, көлікте бетперде кимеу, әлеуметтік арақашықтықты сақтамау болып отыр»,- деп атап өтті ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері.

Сондай-ақ, мобильді топтар мен полиция қызметкерлері коронавирус инфекциясының таралуына қарамастан той жасап жатқан қазақстандықтарды да анықтады.

«Әрине, өкінішті жағдай, бірақ мұндай фактілер әлі де тіркеліп жатыр. Жаппай халық жиналатын шараларға тыйым салынса да, кей тұрғындар үйлену, қыз ұзату, туған күн өткізуді тоқтатар емес. Бұл инфекция жұқтыру мен оның таралу қаупін тудырады. Себебі тойға, осындай мерекелік жиындарға өзге өңірлерлен қонақтар шақырылатыны белгілі»,- деді Айжан Есмағамбетова.

Мұндай заңбұзу фактілері Алматы қаласында, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстарында анықталды. Барлық мереке ұйымдастырушыларға айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.

Сонымен қатар ОКҚ барысында ҚР Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди заңсыз айналымдағы дәрілік заттарды анықтау жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 537 заңбұзушылық анықталды, оның 58-і бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 214-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қалғандары әкімшілік өндіріске жіберілді. Заңсыз айналымнан 70 мыңнан аса қаптама медициналық препараттар, жарты миллионға жуық медициналық маска, 36 мың дана қолғап пен өзге де бұйымдар алынған. Тәркіленген өнімдердің басым көпшілігі Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, сондай-ақ, Атырау және Жамбыл облыстарына тиесілі.

«Атап айтқанда, Нұр-Сұлтанда дәрі-дәрмектерді Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы заңсыз сату фактісі анықталды, оны жүзеге асырумен астананың 20 жастағы тұрғыны айналысқан. 132 пакет ЦЕФ3, преднизолон және басқа препараттар тәркіленді», - деп атап өтті Алексей Калайчиди.

Сонымен қатар Көкшетау қаласында дәрілерді заңсыз сатумен жергілікті аурухананың медбикесі айналысқан. Ал Алматыда үш әйел қытайлық дәрі-дәрмектерді көтерме саудамен сатқан. Ақтөбе облысында дәрі-дәрмектерді заңсыз сату азық-түлік дүкендерінің бірінде жүргізілген.

 

Фото: kt.kz