Қазақстанда коронавирусты емдеудің 12-хаттамасы әзірленуде

Қазақстанда коронавирусты емдеудің 12-хаттамасы әзірленуде

Қазақстанда коронавирус инфекциясын емдеу хаттамасы тағы да өзгереді. Денсаулық сақтау министрлігі қазір 12-хаттаманы дайындап жатыр. Бұл туралы Алексей Цой «Хабар 24» арнасындағы сұхбатында мәлімдеді.

Ведомство басшысының айтуынша, жаңа хаттамада жергілікті дәрігердің бақылауымен үйде емделуге арналған дәрі-дәрмектер ескерілетін болады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін дәрігерлер 11-хаттама бойынша жұмыс істеген еді. Бұл құжатта вирусқа қарсы терапия қайта қаралды. Өзгерістер әлемдік тәжірибеге негізделіп жасалған. 

«Біз емдеудің тәсілін өзгерттік. Өзге елдердің тәжірибесін алып, сол бағыт бойынша жалғастырып жатырмыз. Қазір барлық дәрі-дәрмек пен сынамаларды алып жатырмыз», - деді Алексей Цой.

Денсаулық сақтау министрі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы ашық және жариялы болатынын мәлім етті. Алексей Цойдың айтуынша, министрлік жанынан арнайы қоғамдық кеңес құрылады. Сәйкесінше, оның мүшелері олқылықтарды анықтайды. Қордың қаржысы және жұмысына қатысты ақпараттар ашық болу қажет. Жаңадан тағайындалған басшыға осындай тапсырма берілген. Бұған қоса, қор қаржысының тиімді жұмсалуына да ерекше көңіл бөлінбек. Бүгінге дейін шығындар жоспары қайта қаралып, 1 миллиард 300 миллион теңгенің мақсаты өзгертілген. 

«Құзырлы мекемелер қазір қор жұмысына қатысты тексерісті бастады. Алдағы уақытта арнайы қоғамдық кеңес құрып, бұл мәселеге жіті көңіл бөлмекпіз. Қордың жұмысына қатысты ақпарат бәріне қолжетімді болу керек. Оны жасырғаннан пайда жоқ. Керісінше, қателіктерді уақытылы анықтап, оны түзетіп отырған дұрыс деп есептейміз», - деді Алексей Цой

Бұған қоса, министр карантин шараларының жеңілдетілуі туралы да айтты. Яғни бұл жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асады. Әсіресе, әр аймақтағы эпидемиялогиялық ахуал ескеріліп, тиісті шешім қабылданады дейді. Егер жағдай жақсара түссе, балабақшалар мен балалар орталығының жұмысына да рұқсат беріледі. Сонымен қатар қазір коронавируспен ауырған адамдарды қайта бейімдеуге қатысты да арнайы бағдарлама жасалып жатыр. Алексей Цой бұл жұмысқа медициналық сақтандыру қоры жауапты екенін жеткізді.

 

Фото: ktk.kz