Сарапшылар коронавирусты емдеу бойынша халықтық емнің кері әсерін айтты

Сарапшылар коронавирусты емдеу бойынша халықтық емнің кері әсерін айтты

БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Шок! Коронавирусты емдеудің жаңа әдісі» деген тақырыпта коронавирус пандемиясы жайлы тексерілмеген жалған ақпарат тарап жатыр. Бұған дейін қауіпті инфекцияны кәдімгі сарымсақпен емдеу әдісі тарап, одан кейін, саумал, қымыз сынды ұлттық сусындарды ішу, зімбір жеу керек делінді. Ал енді мүлдем жаңа тәсіл – қарапайым ақжелкекпен емдеу ұсынылып отыр. Мамандардың пікірінше, мұндай халықтық емдердің ешқандай тиімділігі дәлелденген жоқ. Сонымен қатар әлемде бұл өсімдіктің вирусқа әсері бірде-бір рет зерттелмеген.

«Ақжелкекпен байланысты жағдайды мен маркетингтік айла-амалдарды пайдаланып, оның бағасын көтерген сатушылардың тәсілі деп ойлаймын. Енді халықтың назары зімбірден кейін ақжелкекке ауды. Нұр-Сұлтан базарлары мен дүкендерінде баға күрт көтерілді. Мен барлық қазақстандықтардан дүрбелеңге беріліп, бұл өсімдіктің тамырын базарлар мен дүкендерден сатып алмауды сұраймын», - деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева.

Оның айтуынша, лимон, зімбір, бал, ақжелкек, сарымсақ және пияз құрамында көптеген дәрумендер, фитонцидтер мен полифенолдар бар. Кешенді  диетаның бір бөлігі ретінде тұтынылған кезде, олар адам ағзасына пайдалы. Мысалы, зімбір мен ақжелкек көп талшықтардан тұрады және олардың сығындылары зат алмасу жүйесін қалпына келтіреді, сондай-ақ, иммунитетті жоғарылатуға көмектеседі. Бірақ бұл өнімдердің инфекцияны емдеуде тиімді тәсіл болуы екіталай дейді сарапшы.

«Жылдам метаболизм адам ағзасынан вирустық токсиндерді тез жоюға ықпал етеді. Бірақ, ақжелкектен панацея жасаудың қажеті жоқ. Ол коронавирусты емдемейді. Ақжелкек тамырын шамадан тыс тұтынуы жөтел, көзден жас ағу, асқазан-ішек жолдары ауруының жоғарлауына әкелуі мүмкін», - деді Жазира Ембердиева.

 

Фото: rg.ru