100 жедел жәрдем көлігі, оттегі концентраттары және ӨЖЖ аппараттары - «Самұрық-Қазына» қорынан көмек

100 жедел жәрдем көлігі, оттегі концентраттары және ӨЖЖ аппараттары - «Самұрық-Қазына» қорынан көмек

100 жедел жәрдем көлігі, 1000 оттегі концентраты, 50 өкпені жасанды желдету аппараты, 1000 пульсоксиметр және 3000 вирусқа қарсы дәрі қазақстандық ауруханаларға жеткізіліп жатыр. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігіне аса тапшы медициналық жабдықтарды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры тапсырды. Көмектің бұндай түрі салалық ведомство мен ұлттық әл-ауқат қоры арасында жасалған COVID-19 індетіне қарсы күресте ынтымақтастық туралы меморандум аясында жасалды.

«Бұл шаралардың барлығын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады. Өздеріңіз білетіндей, жақында Елбасымен кездесу өтіп, онда ол қордың ішкі қорынан Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі медициналық орталық салуға қаражат бөлуді тапсырды. Бұл орталықтар халыққа медициналық қызмет көрсету үшін ғана емес, сонымен қатар, ғылыми-зерттеу әлеуетін шоғырландыруға арналған болады. Аталған жұмысты біз бастадық, қаражатты резервке салдық», - деп атап өтті қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Қор басшысы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен медицина орталықтары бойынша техникалық тапсырма алуды тездетуді, ал аталған қалалардың әкімдерінен тиісті коммуникациялары бар жер учаскелерін бөлуді сұрады. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қордың көрсеткен корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігіне және жұқпалы аурулардың, оның ішінде коронавирустың өршуіне қарсы күресте ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға ықпал еткеніні үшін алғыс білдірді.

«Меморандум қазіргі эпидемиологиялық қауіп-қатерге дер кезінде және қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік беретініне сенімдімін»,- деді Алексей Цой.

Айта кетейік, бұл «Самұрық-Қазына» қорының еліміздің денсаулық сақтау саласына жасаған алғашқы демеуі емес. Пандемия басталғалы қор Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында салынған оңалту және жұқпалы ауруларды бақылауға арналған екі бірдей клиниканың құрылысын қаржыландырды. Сондай-ақ, қатерлі індетпен алдынғы шепте күресіп жүрген дәрігерлер, тәртіп сақшылары және әлеуметтік қызметкерлерге 6 миллион дана қорғаныс бетпердесін алуға қаржы бөлді. 

 Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: sk.kz