COVID-19: әлемдегі ахуал оңалар емес

COVID-19: әлемдегі ахуал оңалар емес

10 жастағы балалар ересектермен тең дәрежеде коронавирус инфекциясын таратуда. Оңтүстік Корея ғалымдары осындай тұжырымға келді, деп хабарлайды The Washington Post. Басылымның хабарлауынша, кең ауқымды зерттеу нәтижелері 10 жасқа дейінгі балалардың ауруды басқаларға жұқтыруы екі есеге төмен екендігі анықталды. Сарапшылар бұл тұжырымды балалардың бойларының кішілігімен байланыстырады. Олар ересектерден төмен деңгейде тыныс алуы инфекция жұқтыру ықтималдығын азайтады.

Ал, 10-19 жас аралығындағы ересек балалардың өзгелерге қарағанда вирусты жұқтыру мүмкіндігі жоғары. Жасөспірімдерді бойлары өскелең, бірақ олардың гигиеналық ережелері кішкентай балалармен бірдей. Ғалымдардың пікірінше, жасөспірімдер құрдастарымен көбірек қарым-қатынас жасайды, сондықтан инфекцияны тарату көрсеткіші жоғары.

Бүгінгі таңда Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырған адамдардың саны 14 миллион 457 мыңға жетті. Инфекцияға шалдыққандар саны  әсіресе, АҚШ, Бразилия, Үндістан және Оңтүстік Африка елдерінде көп. Әлем бойынша COVID-19-дан 605 мыңнан астам науқас қайтыс болды. Олардың төрттен бір бөлігі Америка Құрама Штаттарына тиесілі.

Коронавирус қайта белең алды

Айта кетейік, АҚШ-та коронавирустың таралуы оңтүстік штаттарда өршіп тұр. Мұндағы Флорида, Техас және Аризона штаттарында карантинді енгізу және маскаларды міндетті түрде кию ұзақ уақытқа кешіктірілген болатын.

Ал Францияда бүгін, 20 шілдеден бастап қоғамдық орындарда маска кимегендерге 135 еуро көлемінде айыппұл салынады. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары бұл ереженің сауда орталықтарында, жабық базарларда, музейлерде, банктерде, тұрақтарда қатаң бақылауға алынуын қадағалауды ұсынды. Соңғы күндері Францияның батысында COVID-19 жағдайының күрт өскені, ауру ошақтары көбейгендігі анықталып отыр. Сонымен қатар, ел астанасының Иль-де-Франс ауданында да көрсеткіштер нашарлай түскен. Франция Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, эпидемия басталғаннан бері елде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 174 мыңға жуық жағдайы тіркелді, 30 мыңнан астам науқас қайтыс болды.

Міндетті түрде маска кию талабы Австралияның Мельбурн қаласында да енгізілді. Тиісті қаулы 22 шілдеде күшіне енеді. Виктория үкіметі осындай шараларға инфекцияға шалдыққандар қатарының артуына байланысты қолданылғанын айтып отыр. Сонымен қатар, 21 шілдеден бастап Австралия штаттар арасындағы шекара аймақтарында да қосымша шектеулер енгізеді. Елде пандемия басталғалы 11 мыңнан астам коронавирус дерегі анықталды.

Гонконг тұрғындарының арасында індетке шалдыққан науқастар саны артқан. Мұнда 24 сағат ішінде 100-ден астам коронавирус жағдайы анықталды. Инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау үшін 180 мың мемлекеттік қызметкер қашықтан жұмыс режиміне көшірілетін болады. Айта кетейік, мұнда соңғы үш аптада эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғаны байқалған еді. Алайда, 16 шілдеден бастап вирус жұқтыру жағдайлары қайта арта бастады. Тұрғындарға төрт адамнан артық жиналуға тыйым салынды. Спорт залдары, хауыздар, бар, клуб, кинотеатрлар және жергілікті «Диснейленд» жұмысын тоқтатты.

 

Фото: dw.com