Коронавирусты үй жағдайында емдеу әдістері мен дерттен айыққан науқастарды оңалтуда қолданылатын халық еміне сарапшы пікірі

Коронавирусты үй жағдайында емдеу әдістері мен дерттен айыққан науқастарды оңалтуда қолданылатын халық еміне сарапшы пікірі

Қазақстанда коронавирус әлі де өршіп тұр.  Бүгінгі таңда қатерлі дерттен толық айығып шыққадардың саны 40 мыңнан сәл асып жығылады. Ендігі кезекте ауруды жеңіп шыққан адамдарды жылдам тарап жатқан індетті қайта жұқтырып алмау мәселесі алаңдатады. Ол қаншалықты қауіпті? Ел халқын толғандырып жүрген  осы және өзге де мәселелерге қатысты жеке пікірін арнамызға сұхбат берген қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы Жазира Ембердиева білдірді.

Оның айтуынша, аталмыш дертпен ауырған науқастар иммуноглобулин G және иммуноглобулин М антиденелеріне тест тапсырулары қажет. Егерде ағзада олар анықталса бұл адамның иммундық  жүйесі ауруға бейімделді дегенді білдіреді. Алайда бұл қатерлі инфекцияны енді қайта жұқтыру мүмкін емес дегенді білдірмейді.

 «Қазір бұған қатысты нақты деректер жоқ. Әлем бойынша бұл дертпен ауырып шыққан адамдар өте көп. Олар вирусты қайта жұқтырды деген деректер тіркелмеген. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей егер адамның иммунитеті жақсы болса ол қайта осы ауруға шалдықпайды. Иммунитеті болмаса әрине қауіп бар. Бұл әр жағдайда әр түрлі болуы мүмкін», - деп ескертті Жазира Ембердиева.

Сарапшы ауыр кеселден «айықтым, болды» деп отырып қалмау керектігін алға тартады. Себебі ағза вируспен күресмін деп әбден әлсіреді. Сондықтан оны оңалтып, күш-қуат жинап алу  үшін барынша денсаулықты күтуге мән берген жөн дейді, маман.  

 «Тәжірибе көрсеткендей аурудан толық емделіп шыққан адамдардың өзіне респераторлық оңалту әдіс-шараларын қолдану қажет. Олардың демалуы ауыр болады. Зақымдалған тыныс жүйесін қалпына келтіру керек.  Сондай-ақ, психологиялық тұрғыда сауықтыру аса маңызды. Вируспен күрескен ағза әлсіреп, иммундық жүйе түсіп қалуы мүмкін. Оны жақсарту керек. Қазір жаз. Сондықтан осы мезгілді пайдаланып, таза ауа жұту үшін көбірек далаға шығып серуендеу керек. Оған қоса дұрыс тамақтануды ұмытпай дағдыға айналдырған жөн», дейді Жазира Ембердиева

Саумал, қымыз сынды ақ ішіп, сарымсақ жеудің коронавирусқа қарсы тиімділігі аз. Бұндай халық емдерінің қатерлі дертке шипа болуы екіталай. Ол тек өзін-өзі иландырудың амалы.  Керісінше асқазаны әлсіз адамдар ауруын асқындырып, мүлдем құртып алуы мүмкін дейді маман.

«Мен ондай үй жағдайындағы халықтық ем-домға қарсымын. Иммундық жүйені жақсарту үшін ақуызы көп, дәрумендерге толы азық-түліктерді асқа пайдаланып, дұрыс тамақтану керек. Мәселен, етпен сорпа қайнатып, бауыр жеген жөн. Жаңғақ, ірімшік сынды өнімдер де өте пайдалы. Жемістер мен көкеністерді көбірек жеген дұрыс», дейді сарапшы

«Сақтансаң сақ боласың» демекші, маман қарапайым санитарлық талаптар мен сақтық шараларын ескеруге шақырады. Қоғамдық орындарға бармай, алыс сапарлардан бас тартқан жөн. Әлеуметтік қашықтықты сақтап, қолды жиі жуу, антисептик қолданып, бетперде киіп жүру індетті жұқтырмаудың  кепілі дейді, Жазира Ембердиева.

 

Фото: moscvichka.ru