ҚР Президенті: Пандемия ахуалы туралы барлық ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуі тиіс

ҚР Президенті: Пандемия ахуалы туралы барлық ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуі тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке пандемияның статистикасын нақтылауды тапсырды. Президент коронавирустан бөлек өкпе қабынуының қазақстандықтарға тигізіп жатқан зардабына да тоқталды.

Президент Twitter-дегі парақшасында: «Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіру міндеттелді. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне коронавирустан бөлек, өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр. Пандемия ахуалы туралы барлық ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуі тиіс. Жариялылық пен өзара сенім болғанда ғана, біз бірлесе отырып бұл індетті тезірек жеңеміз», – деп жазды.

Айта кетейік, Қазақстанға жақын күндері ДДСҰ сарапшылары елдегі эпидемиологиялық ахуалды бағалауға келеді. Олар пневмония бойынша деректерді зерттеу мақсатында зертханаларға барып, COVID-19 және өкпе қабынуы арасындағы байланыстың бар-жоғын тексереді.

«Қазір халықаралық ұйымдармен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі күні ДДСҰ ұсынысы бойынша статистикаға тек ПТР тесті анықтаған жағдайлар ғана енгізіледі. Дегенмен деректерді саралап жатырмыз. Сұрау жолдадық, жақын арада ДДСҰ-дан жауап аламыз әрі келіссөздер өткізу барысында назарға алынатын мәліметтерге қол жеткіземіз. Статистика мен есепке алуда әр елдің өзіндік жолы бар. Біз оны барлық елдермен қатар бірізді еткіміз келеді», – деген болатын денсаулық сақтау вице-министрі  Людмила Бюрабекова.

 

Фото: akorda.kz