Қазақстан 1,2 млн тест-жүйесін сатып алады

Қазақстан 1,2 млн тест-жүйесін сатып алады

Қазақстанда коронавирусты анықтауға арналған сынама жүйелерінің тапшылығы мәселесі шешіліп жатыр. Бұл туралы онлайн баспасөз мәслихатында ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев мәлім етті. Оның мәліметіне сай, бүгінге дейін ел аумағында 1 миллион 700 мың зерттеу жүргізілді. Комитет төрағасы қазіргі уақытта отандық тауар өндірушілерден де, шетелден де тест-жүйелерін сатып алу көзделіп отырғанын атап өтті.

«Ұлттық сараптама орталығының барлық филиалында отандық тауар өндірушілердің тест-жүйесін қолдану көзделуде. Үкіметтің резерві аясында 1,2 млн зерттеу жүргізу үшін тест-жүйелерін сатып алу жоспарланған. Отандық болсын, шетелдік болсын тест-жүйелеріне қойылатын техникалық талаптар бар. Осы талаптарға барынша сәйкес келетін тест-жүйелері ғана сатып алынады», - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ комитет төрағасы дәрі-дәрмек бағасы қатаң бақылауға алынғанын атап көрсетті. Ол әлеуметтік маңызды дәрілік заттардың шекті бағасының бұзылу фактілерін кез-келген азамат тіркей алатынын айтты.

«Қазақстандықтар дәрілік заттардың бағасын көтеру туралы ДСМ тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне, электрондық үкімет порталы немесе «DariKz» мобильдік қосымшасы арқылы жүгіне алады. Мобильдік қосымша арқылы азаматтар әр препараттың шекті бағасын біліп, нақты препаратқа штрихтеу жүргізіп, шағымды Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жібере алады», - деп түсіндірді комитет басшысы.

Тимур Сұлтанғазиевтың сөзінше, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, Қазақстанда дәрі-дәрмектің 6 478 түріне шекті құны бекітілді. Арнайы құрылған топтарға заңсыз сатылуын қадағалау міндеті жүктелген болатын. Ондай бақылаумен 1400 астам дәріхана ұйымы қамтылған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: khabar.kz