Қабылдау бөлімінің кезекші дәрігері: коронавирусты жеңу біздің қолымыздан келеді

Қабылдау бөлімінің кезекші дәрігері: коронавирусты жеңу біздің қолымыздан келеді

Коронавирус жұқтырды деп күдіктелген науқастарды ауруханада бірінші болып қарайтын – кезекші дәрігер. Қабылдау бөлімінің маманы пациенттің жағдайын бағалап, оның қай бөлімге жіберу керегін анықтайды. Азат Тойшыбаев көпсалалы медициналық орталықта жұмыс істейді. Ол – пандемияға байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап коронавируспен күрес майданына жанталаса араласып кеткендердің бірі. Отбасын көрмегеніне 4 ай болыпты. Өзіне бөлінген сәл ғана демалыс уақытын маман Kazakh TV тілшісіне сұхбат беруге арнап, өзінің жұмысы туралы айтып берді. Азат Тойшыбаев жұмыс істейтін орталықтың қабылдау бөліміне тәулігіне 15-тен 40 науқасқа дейін түседі. Олардың арасында коронавирус жұқтырғандармен бірге екі не біржақты өкпе қабынуымен де келіп жатқандар бар.

«Оның ішінде ауыр, орташа және жеңіл түрде келетіндер бар. Қазіргі таңда жеңіл түрде түскендерді қабылдамаймыз. Ондай науқастардың дені амбулаториялық этапта терапевтің бақылауында болады. Жергілікті дәрігерлер бақылауынан бөлек, компьютерлік томографиядан түсіргеннен кейін өкпе қабынып, жағдайы нашарланған кезде жедел түрде біздің бөлімшеге жатқызылады. Біз оны жағдайына байланысты жан-жақты тексеріп, тиімді емдік шаралар жасау үшін тиісті бөлімшеге жібереміз».    

«Коронавирустың емі табылып, індетті міндетті түрде жеңеміз! Ол үшін біз қатерлі дертпен күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, үздіксіз күресуіміз керек». Ұлт саулығының қамында еңбек етіп  жүрген дәрігерлердің жұмыс күні осы сөздерден басталады.

«Бала-шағамды көрмегелі төрт айдан асты. Олармен тек ұялы телефонмен ғана хабарласып тұрамыз. Оның өзі күнделікті бола бермейді. Шаршап, тек шай ғана ішіп жата салатын күндер бар. Өйткені ұйқының өзі арман болып кетті. Бұл ауру ерте ме, кеш пе, аяқталады. Бұл біздің қолымызда. Бізден басқа ешкім жоқ. Сондықтан әр жұмыс күні өзімізді осылай жігерлеп, негізгі қызметімізге кірісеміз», - дейді Азат Тойшыбаев.

Коронавируспен күресте кәсіби борышын, азаматтық парызын атқарып жүрген ақ халатты абзал жандар – ұлт саулығы үшін жанқиярлықтың жарқын үлгісі.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов