COVID-19 вирусымен жұмыла күресу керек: ДДСҰ Қазақстанға сарапшыларын жібереді

COVID-19 вирусымен жұмыла күресу керек: ДДСҰ Қазақстанға сарапшыларын жібереді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еліміздегі басшысы Кэролайн Кларинваль қазақстандықтарды республикада енгізілген шектеу шараларын қатаң сақтауға шақырды. Бұл өз кезегінде, індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің жұмысын едәуір жеңілдететін еді.

Сондай-ақ, ол ДДСҰ Қазақстанға сарапшылар тобын жіберетінін хабарлады. Мамандар жергілікті зертханалардың мүмкіндігімен танысып, пневмониямен ауыру туралы мәліметтерді зерттейді. Оның айтуынша, елдегі пневмонияның таралуы COVID-19 пандемиясына тікелей байланысты болуы мүмкін. Оның нақты анықтау үшін ахуалды саралап, бағалау жүргізу қажет. Сонымен қатар, ДДСҰ қазақстандықтардың әрекетіне алаңдаулы. Азаматтар шектеу шаралары жеңілдетілген соң әлеуметтік қашықтық сақтауды қойып, отбасы ішінде сақтық шараларын ұстануды доғарған, деп есептейді ұйым өкілдері.

«Вирусты жұқтыру туыстардың арасында болып жатқанын көріп отырмыз», - деді Кэролайн Кларинваль.

ДДСҰ сарапшылары жаңа әлемде өмір сүруге дағдыланған жөн дейді. Ұйым басшысы әр азамат «жуық арада қалыпты өмірге оралмайтынын» түсінуі қажет деп есептейді. ДДСҰ коронавируспен күрестің Жол картасын ұсынып отыр. Ең алдымен, өлім-жітімді азайту және инфекцияның таралуын тоқтату бағытында шаралар қабылдануы тиіс. Сонымен қатар, адамдар сақтық шараларын қатаң ұстанып, әр елде стратегияларды үйлестіру бойынша мықты мемлекеттік басшылық қажет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы әлем елдеріндегі коронавирус індетінің таралуын төрт сценарийге бөлді. Бірінші топқа инфекцияның бас көтергені туралы ескерту алған елдер жатқызылды. Осының арқасында аталған мемлекеттер тез арада бақылау орнатып, халыққа шектеу шараларының маңыздылығын жеткізе алды. Екінші санатқа қатаң шектеу талаптарын ұстану арқылы инфекцияның таралуына жол бермеген елдер енді. Үшінші топтағы мемлекеттер – уақытынан бұрын шектеу шараларын жеңілдетіп, аурудың қайта таралуын болдырған елдер. Ал төртінші топқа эпидемияның қақынды кезеңінен шыға алмай отырған елдер жатқызылды.

«Бүгінгі таңда вирус өршіп тұрған кей елдерде карантиннің қатаң шектеу шаралары қайта енгізіліп жатыр. Бұл инфекцияны бақылауда ұстау үшін қолға алған амал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирусты ауыздықтау үшін кез келген мемлекетпен бірге күресуге дайын. Күш біріктірсек қана көзге көрінбейтін жауды жеңе аламыз», деп мәлім етті ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейсус.

 

Фото: interfax.ru