Қазақстанда ӨЖЖ аппараттарының өндірісі жолға қойылмақ

Қазақстанда ӨЖЖ аппараттарының өндірісі жолға қойылмақ

Қазақстанда түркі кәсіпкерлерімен бірлесіп өкпені жасанды желдету аппараттарының (ӨЖЖ) өндірісін жолға қою мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлайды.

«Бұл аппараттардың сериялық өндірісі 2020 жылдың сәуірінде Түркияда іске қосылды. Бүгінгі таңда Biyovent ӨЖЖ Нұр-Сұлтан қаласының қалалық жұқпалы аурулар орталығына сынақ жүргізу үшін ұсынылған. Зерттеу нәтижелері бойынша өндірісті оқшаулау туралы шешім қабылданады», – деп атап өтті «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ №2 жобалармен жұмыс департаменті жобасының жетекшісі Әмір Ахметов.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, өмірлік маңызы жоғары құрал-жабдықтардың өнеркәсіптік өндірісі елімізде тамыз айында іске қосылып, 595 аппараттан тұратын алғашқы партиясы денсаулық сақтау ұйымдарына жеткізіледі.

Бүгінгі таңда инфекциялық және провизорлық стационарларда 966 ӨЖЖ стационарлық аппараты бар. Елімізде КВИ-мен байланысты ахуал күрделенген жағдайда тағы 5 мыңға жуық аппарат қажет болады, дейді мамандар. Құрал-жабдықтарды сатып алуға түрлі қаржы көздерінен шамамен 50 млрд теңге бағыттау жоспарланған.

 

Фото: inform.kz