COVID-19: Әлемде дерт дендеп барады

COVID-19: Әлемде дерт дендеп барады

Коронавирус жұқтырғандар саны дүниежүзі бойынша 13 миллионға жақындап қалды. Қатерлі індет құрбандарының саны да өсе түскен. Джонс Хопкинс университетінің дерегі бойынша, COVID-19 осы күнге дейін 569 мыңнан аса адамның өмірін жалмады.

Айта кетсек, өткен тәулікте құрама штаттарда тағы да «антирекорд» тіркелді. Жексенбі күні 71 389 адамда індет расталған, ал сенбі күні ғана бұл сан 66 мыңнан сәл жоғары болған. Демалыс күні ел президенті Дональд Трамп та пандемия басталғалы бірінші рет ел алдына маска киіп шықты.

«Менің ойымша маска тағу – өте жақсы шешім. Мен ешқашан оны тағып жүруге қарсы болған емеспін, әрнәрсенің өз уақыты мен орны бар деп есептеймін», - деді ол Ақ үйден шығар алдында.

Бұқаралық ақпарат құралдары Трамптың көмекшілері бұған дейін әлденеше рет президенттің жұрт алдына маска тағып шығуын ескерткенін хабарлайды. Алайда мемлекет басшысы ереуіл, баспасөз -конференциясы мен өзге де жұрт жиналатын шараларда бұл ұсынысты елемей келген.

Қазіргі таңда АҚШ-та КВИ жұқтырғандар саны 3,3 миллионнан асты. 135205 америкалық азамат вирус құрбаны болды.

Эпидемиологтардың дерегі бойынша АҚШ-та инфекция жұқтырудың кең таралуына эпидемияны тоқтатудың бірегей маханизмі болмауы әсер еткен. Әр штат өз бетінше күресіп жатыр. Бірақ федералды  масштабтағы стратегия қажет дейді олар.

Ауру жұқтыру дерегі бойынша 1,8 миллионнан аса көрсеткішпен екінші орында Бразилия елі тұрса да қазір әлемдік қоғамдастық назары Үндістанға ауған. Бұл елде коронавирус таралуы  рекордтық қарқын алып, өткен тәулікте инфекция 29 мыңға жуық адамнан анықталды. Жақында ғана Болливудтың танымал актерлері отбасымен коронавирус жұқтырғаны туралы ақпарат тарады. Вирус жұқтырғандар санатында  үнді киносының мега жұлдыздары Амитабх Баччан, оның ұлы Абишек Баччан, келіні  (бұрынғы әлем аруы әрі актриса) Айшвария Рай мен  8 жасар немересі бар.

Қазір Үндістанда халықты тестілеу науқаны жаппай жүріп жатыр. Сарапшылар елде эпидемияның шарықтау шегі әлі болмағанын айтуда. Айта кетейік Үндістанда 878 мың адам індет жұқтырып, 23 мыңнан астамы қайтыс болды.

Үнді елінен кейін  антирейтингте Ресей тұр (72603 адам жұқтырған).  326 мыңнан азаматы ауру жұқтырған Перу де осы бестікке кірді.

 

Фото: news.liga.net