Жылы сусын ішу, таза ауада серуендеу: маман коронавирустан үйде емделудің алгоритмін айтып берді

Жылы сусын ішу, таза ауада серуендеу: маман коронавирустан үйде емделудің алгоритмін айтып берді

Коронавирусты үйдегі жағдайда емдеуге болады және емдеу қажет. Алғашқы клиникалық белгілер байқалғанда бірден емханаға жүгірудің немесе тест тапсыруға асығудың қажеті жоқ, дейді Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман. KazakhTV тілшісіне сұхбат берген маманның айтуынша, COVID-19 вирусына шалдыққан адам кәдімгі суық тию кезінде жасалатын ем-домға назар аударған жөн. Ең алдымен, барынша көп су ішіп, таза ауада, күн астында серуендеу керек.

«Менің айтар кеңесім, дүрбелеңге салынып, ПТР-тест тапсыруға немесе компьютерлік томография жасатуға жүгірудің қажеті жоқ. Ондай жерлерде адам көп жиналады және ауру жұқтыру қаупі жоғары. Лимон қосылған суды көбірек ішуге болады. Мүмкіндік болса, далаға шығып тұрған дұрыс. Әрине адамдардан 2 метр қашықтықты сақтаңыз, маска киіңіз, күн астында біраз серуендеңіз. Осылайша, Д дәруменін аласыз. Толыққанды тамақтану қажет. Өз ағзаңызды сезінуге тырысыңыз, егер жатқыңыз келсе, жатып, демалған дұрыс. Температура көтерілсе, дене қызуын басатын дәрі ішу керек. Иммундық жүйеге ауруды жеңуге көмектесу қажет»,  – дейді Алмаз Шарман.

Алайда егер уақыт өте келе ахуалыңыз нашарлап, тыныс алуыңыз қиындаса, жөтел пайда болса, маман көмегіне жүгінген жөн. Дәрі-дәрмек пен антибиотиктерді дәрігер жазып берсе ғана, қабылдау керек, дейді Алмаз Шарман. Сондай-ақ, ол вирустың білінбей өтуі мүмкін екенін айтты.

«Бұл вирустан болатын өлім-жітім аз боғланымен, оны жұқтыру оңай. Тағы бір ерекшелігі – адам вирусты жұқтырса, оның симптомдары білінбеуі де мүмкін. Адам өзін жақсы сезінеді, бірақ инфекцияны тасымалдаушы болады. Осы жерде әлеуметтік жауапкершілік туралы ұмытпау керек. Маска киіп, біз өзімізді де, қоршаған адамдарды да қорғаймыз, өйткені кез-келген адам өзі білмей, вирус таратушы болуы мүмкін», - дейді Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.

Маман берген кеңестермен «Интервью дня» бағдарламасының соңғы шығарылымынан таныса аласыз.

 

Фото: championat.com