COVID-19 VS әлем: халықаралық ұйымдар мен дүниежүзі елдері вируспен күресте Қазақстанға көмекке келді

COVID-19 VS әлем: халықаралық ұйымдар мен дүниежүзі елдері вируспен күресте Қазақстанға көмекке келді

Елімізде COVID-19 таралуын болдырмауға бағытталған жұмыстар мен алдағы жоспарлар Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы ресми өкілдерімен онлайн-кеңесі барысында талқыланды.

Қазақстан тарапы аймақтардағы медицина мамандарына практикалық көмек көрсету үшін ДДСҰ сарапшыларын жіберуді ұсынды.

Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алексей Цой елімізде атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып берді. Соның ішінде, халықты ақпараттандыру, барлық деңгейдегі медициналық көмек үшін нақты нұсқаулықтар әзірлеу, медицина қызметкерлерін коронавирус инфекцияның алдын алу мен емдеудің негізгі принциптеріне оқыту және кадрлық резервті қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Қазақстанда COVID-19 диагностикасының қолжетімділігін арттыру үшін компьютерлік томография мен цифрлық рентген-аппараттардың қызметін кеңейтеміз. Сонымен қатар, тестілеу үшін зертханалардың қуаты артып келеді», – деді Денсаулық сақтау министрі.

Сонымен қатар стационарларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен жабдықтау, инфекциялық және провизорлық төсектерді 50% дейін көбейту, амбулаторлық деңгейде дистанциялық консультация жасау, үйде медициналық көмек көрсету және жедел жәрдемнің қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасуда. Дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды. Ол үшін ведомство отандық тауар өндірушілерді ынталандыру және дәрі-дәрмек сатып алу, жеткізу рәсімдерін жеделдетуде, деді министр. Сондай-ақ тараптар вирусқа қарсы бірлесіп, ынтымақтастықта күресу мүмкіндіктерін талқылады.

«БҰҰ мен ДДСҰ басшылығымен COVID-19 байланысты қажетті тауарларды жеткізу жүйесі бойынша мақсатты топ құрудың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Қазақстан, басқа да көптеген мемлекеттер сияқты, вируспен күресу үшін қажетті маңызды материалдарды жеткізуді ұйымдастыру жүйесіне қатысуға мүдделі», – деді Алексей Цой.

Осы процесті үйлестіру және Қазақстан Республикасының COVID-19 байланысты жеткізуді ұйымдастыру жүйесіне қатысуы үшін қазақстандық тараптан тиісті кандидатуралар анықталды.

Қазақстанда коронавирустың таралуын болдырмауға және онымен күресуге Ресей тарапынан да көмек көрсетілуде. Көрші мемлекет елімізге КВИ анықтауға арналған тағы 50 мың тест жөнелтеді. Алғашқы партиясы 15 шілдеде жеткізілмек. Жалпы, пандемия басталғалы Ресейден Қазақстанға 15 мың тест-жүйе жіберілген.

«Қазақстанға көмек көрсету ресейлік коммерциялық емес ұйымдар желісі бойынша да жүзеге асырылуда. Шілде айында еліміздің азаматтық секторының өкілдері Қазақстанға 100 мыңнан аса маска, 20 мың жұп қолғап, термометр, антисептиктер және т.б. құралдар жөнелтеді», - деп мәлім етті РФ СІМ ресми өкілі Мария Захарова.

Сонымен бірге, COVID-19 вирусымен күрес шаралары аясында Ресей Қазақстанға 2 млн доллардан аса қаржы бөлген.

 

Фото: 24.kz