Дәріханаларды қажетті дәрі-дәрмектермен қамту мәселесі бақылауда

Дәріханаларды қажетті дәрі-дәрмектермен қамту мәселесі бақылауда

Өңірлерде жергілікті әкімдік өкілдері, фармацевтикалық компаниялар мен дәріханалардың басшыларымен, дистрибьюторлармен бірлесіп дәріханаларды дәрі-дәрмектермен қамту мәселелерін пысықтауда.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен осындай онлайн-жүздесуде COVID-19-бен күресу үшін қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, балама дәрілердің тізімін кеңейту, дәріханаларға дәрі-дәрмектерді тарату мәселелері талқыланды. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, елге дәрі-дәрмектерді сатып алу және әкелу процедураларын жеңілдету, логистика мәселелеріне қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Біз мемлекеттік органдармен бірге дәрі-дәрмек қорын толықтыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізудеміз. Біріншіден, сатып алу және әкелу рәсімдері жеңілдетілді. Бюрократиялық мәселелер шешілді. Біз логистика мәселелері бойынша қолдау көрсетудеміз. Екіншіден, тиісті органдар Мемлекет басшысының тапсырмасымен алыпсатарлықты және бағаны заңсыз көтергендерді анықтау бойынша жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар дәрі-дәрмектердің аналогтарын, балама түрлерін сатып алу қажет. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз», – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Қазақстан дәріханаларынан «Парацетамол» табу қиынға соққан. Алматы әкімдігінің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаевтың айтуынша, дене қызуын түсіретін дәрінің тапшылығына шамадан тыс сұраныс алып келген. Оның мәліметінше, өткен бір аптада алматылықтар 260 мың «Парацетамол» сатып алған. Ал орташа айлық норма шамамен 50 мың қаптаманы құрайды. Мәселені шешу үшін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен өндірушілермен, жеткізушілермен, дәріханалар желісімен және мамандандырылған қауымдастықпен меморандумға қол қойылды.

«22 маусымнан бастап біз ірі жеткізушілермен, отандық өндірушілермен, дистрибьюторлармен, дәріханалар желісімен және фармацевтикалық компаниялармен белсенді жұмыс жасаудамыз. Олар келісімге қол қойды, онда ірі жеткізушілер, ресми дистрибьюторлар Алматы қаласындағы 105 дәріханаға әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектердің басым бөлігін жеткізетін болады», - деп түсіндірді Заңғар Сәлімбаев.

Жағдай Алматы әкімінің жеке бақылауында. 1 шілдеден бастап қалалық дәріханаларға 475 мың маңызды дәрі-дәрмек алынды. Оның ішінде парацетамол, аспирин, ингавирин, азитромицин және кардиомагнил бар. Шілде айының соңына дейін мегаполиске үш миллионнан астам дәрі-дәрмек жеткізіледі. Оның ішінде парацетамол, аспирин, ибупрофен, ингавирин, азитромицин және басқа да әлеуметтік маңызы бар дәрілер.

«Үш рейс жеткізіледі. Ертең ұшақ Ресейден, 12 және 15 шілдеде Үндістаннан келеді», - деп толықтырды Алматы әкімдігінің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі.

Дәрі-дәрмекпен және медициналық құралдармен қамту бойынша жағдайды тұрақтандыру шаралары ел аймақтарында да қабылданған. Мысалы, Атырауда ірі дәріханалар желісі шприц өндіруші жергілікті зауыт басшылығымен келісімге отырған. Нәтижесінде атыраулықтар өнімді өндіруші бағасымен сатып ала алады, деп хабарлайды облыс әкімдігі.

 

Фото: atameken.kz