ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны ресми деректерден көп болуы мүмкін

ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны ресми деректерден көп болуы мүмкін

Қазақстанда коронавируспен ауырғандар саны ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында министр адамдардың барлығы бірдей ПТР-тестілеумен қамтылмағанын атап өтті. Және қазір науқастардың көбі ем-домды үйде алып жатыр.

«Симптомсыз науқастардың көпшілігі ауырмайды. Иә, олар індетті таратуы мүмкін. Бірақ олар 14 күннен кейін сауығып кетеді. Ештеңе мазаламайтын адамдардан тест алудың қандай мәні бар? Біз негізгі басымдық пен қаржыландыруды ең бірінші кезекте, көмекке мұқтаж болып отырған науқастарға жұмсаған дұрыс деп санаймыз», - деді Алексей Цой.

Қазақстанда карантин мерзімі ұзартылуы мүмкін бе? Денсаулық сақтау министрі еліміздің барша азаматын толғандырған бұл сауалға да жауап берді. Ол қазір бұл мәселе жан-жақты зертеліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар кез келген бағалау инкубациялық кезеңмен, яғни 14 күнмен байланысты болуы керектігін атап өтті.

«Қазір біз қандай да бір аралық нәтижелерді қарап отырмыз. Дегенмен, шынайы тиімділігін екінші аптаға қарай не болмаса біз бағалау жүргізгеннен соң бірден көретін боламыз. Карантин аяқталғаннан кейін оның ұзартылатыны немесе шаралардың қатаңдатылатыны түсінікті болады», - деді Алексей Цой.

 

Фото: qazweek.kz