Аймақтардағы ахуал: медициналық құрылғылар және маман тапшылығы қалай шешіліп жатыр?

Аймақтардағы ахуал: медициналық құрылғылар және маман тапшылығы қалай шешіліп жатыр?

Аймақтардағы ахуал бақылауда. Өңірлерде қатерлі індет көрсеткішінің күрт өршуінен кейін қосымша төсек-орындар құрылып, жаңадан жедел жәрдем көліктері мен медициналық құрылғылар сатып алынып жатыр. Бұл туралы  облыс әкімдерінің Орталық коммуникациялық қызметінің аймақтық бөлімшелеріндегі онлайн брифингінде белгілі болды. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев медициналық қондырғылар бойынша тапшылық барын жасырмады. Мәселен, облыста жұмыс істеп тұрған 10 компьютерлік томография аздық еткен. Қазір әр ауданда бұл қондырғыларды орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар аймақ басшысы егер індеттің таралуы тоқтамайтын болса, тағы мың жарым төсек-орын қажет болатынын айтты.

«Кейбір балалар үйін, диагностикалық орталықты, туберкулез ауруханаларын босатып, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тамызда толығымен іске қосылады. Облыста жасанды тыныс алу аппаратының 148 данасы бар. Науқас көп, ол аппарат жетпейді. Көрші Ресей, Өзбекстанмен жұмыс істеп жатырмыз. Кем дегенде жақында осындай 50 аппарат аламыз», - деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, облыста дәрігерлер тапшылығын шешу үшін зейнетте жүрген, арнаулы оқу орнында оқитын, практикада жүрген студенттерді, науқастар саны аз аудандардағы медициналық қызметкерлер және басқа мамандықтағы дәрігерлерді қайтадан оқытып жатырмыз деді, облыс әкімі.

Онлайн байланысқа шыққан Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаев та алдағы айға дейін стационарлық 5 мың төсек-орын әзірленетінін жеткізді. Оның айтуынша, өңірге өкпені жасанды желдету аппараты мен компьютерлік томография қосымша сатып алынады. Қазіргі уақытта тиісті келісімшарт жасалған.

«Бүгінде бізге өкпені жасанды желдететін тағы 71 аппарат сатып алу қажет. Біз портативті 17 аппарат сатып алуға келісімшарт жасадық. Компьютерлік томография қазіргі уақытта 6 медициналық ұйымда жұмыс істеп тұр. Бұл аппарат науқастың жай-күйін анықтау үшін өте қажет. Сондықтан мұндай тағы бір аппарат сатып алу үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді Ермек Маржықбаев.

СҚО-дағы жағдай басқа өңірлермен ұқсас, яғни өкпені жасанды желдету аппараттары жеткіліксіз. Ай соңыына дейін қосымша 20 данасын жаңадан сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ, қазір Денсаулық сақтау министрлігімен желтоқсан айында жеткізілуі тиіс өкпені жасанды желдетудің 38 аппаратын қыркүйекте алу бойынша мәселе қарастырылып жатыр.

«Осындай келісім арқасында өткен аптада жедел жәрдем көліктеріне арналған портативті 25 аппаратты алдық. Сондай-ақ биыл лизинг аясында реанимациялық қондырғылармен толық жарақтандырылған 18 жедел жәрдем көлігін алуымыз керек», - деді облыс әкімі.

Алматы облысында  жедел жәрдем көліктеріне өкпені жасанды желдетуге арналған 57 аппарат орнату көзделген.

«Алматы облысының жедел жәрдем қызметі күніне 3 мың қоңырауға дейін қызмет көрсетеді. Үлкен салмақ түсіп жатыр. Сондықтан облыс әкімі бригадаларды көбейту туралы шешім қабылдады. Жыл соңына дейін 100 жедел жәрдем көлігін қосымша жеткізу күтілуде. Оның 70-і лизинг арқылы және 30 автокөлік жергілікті бюджеттен алынды. Жеткізу келесі айда басталады», - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов брифинг барысында.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: zakon.kz